Сегодня: 14.12.2024
Әдебиет пен өнер ұлы болмаған жерде - ұлт та ұлы бола алмайды. Ғабит Мүсірепов

Құрметтi достар!

 Әдебиет және өнер музейiнiң сайтына қош келдiңiздер. Қазақ халқының әдебиетi мен өнерiнiң өсiп-өркендеуiне    өлшеусiз  үлес қосқан айтулы тұлғалардың артында қалған мұраларын жинақтап, өмiрi мен шығармашылығын  бүгiнгi ұрпаққа  насихаттап отырған мәдениет ошақтарының бiрi Ақмола облыстық Әдебиет және өнер музейi.

 Музей залдарындағы көпшiлiктiң назарына ұсынылған қазақ халқының ғасырлар бойғы шамшырағы болған  ислам дiнiне  қатысты қолжазбалар мен ХIХ ғасырдың соңы мен ХХ ғасырдың басында жарық көрген көне    шариғи кiтаптар, ерлiк пен өр  намыстың нышанына айналған қазақ батырларының қару-жарақтары, ұлттық музыка  өнерiнiң өшпес сарыны iспеттi  ұлттық саз аспаптардың ондаған түрлерi, халқымыздың тұрмыс-тiршiлiгiнен сыр  шертетiн ұлттық ыдыс-аяқтар,  зергерлердiң әйел адамдарға арнап асқан ептiлiкпен соққан зергерлiк бұйымдары  көрген жанның көңiлiне қуаныш сыйлап,  мол рухани азық болары анық.

Әлемдiк мәдениет пен ақпарат мидай араласып жатқан бүгiнгiдей жаһандану заманында, толқынданып келген ағысқа қарсы тұрып, қазақ ұлтының бет-бейнесiн әлемдiк өркениет алдында айқындап, таныта бiлу бүгiнгi ұрпақтың басты мiндетi. Әдебиет және өнер музейi қызметкерлерiнiң алға қойған мақсаты да бабалардан қалған көне жәдiгерлерге жан бiтiрiп, қазақ халқының әдебиетi мен өнерiнiң, мәдениетiнiң мәйегi болған көне мұралардың тарихы мен болмысынан сыр шерте отырып, жас буынның жүрегiне ұлттық рухтың шуағын төгiп, отансүйгiштiк сезiмнiң дәнiн себу болып табылады.

Әдебиет және өнер музейiнiң
директоры Нұрбек НҰРАЛЫ