Бүгін: 19.05.2024
Әдебиет пен өнер ұлы болмаған жерде - ұлт та ұлы бола алмайды. Ғабит Мүсірепов
 

Мұражай туралы мағлұмат

Қазақ ССР Министерлер Кеңесiнiң 1989 жылғы 20-қаңтарында шыққан №14-шi қаулысы негiзiнде ұйымдастырыла бастаған «Әдебиет және өнер» мұражайы 1993 жылдың 22-шiлдесiнен бастап көпшiлiктiң мәдени-рухани игiлiгiне қызмет жасап келедi. Аталмыш мұражай Көкшетау-Ақмола өңiрi тумаларын ғана емес, елiмiзге танымал басқа да ақын-жазушылардың, сал-серiлердiң, өнер-қайраткерлерiнiң өмiр мен шығарма- шылығын жинақтап, зерттейтiн бiрден-бiр ғылыми орталық болып табылады.

Павлодардағы Бұхар жырау атындағы «Әдебиет және өнер» мұражайын қосқанда, мұндай мазмұндық-құрылымдағы мұражай- дың саны республикамызда екеу екендiгi бiз үшiн мақтаныш.

Музей қорында 9 мыңнан астам жәдiгерлер сақталынуда. Көкшетау қаласындағы «Әдебиет және өнер» мұражайы мынандай бес бағыт бойынша жұмыс атқарады: фольклор, қазiргi дәуiр әдебиетi, өнер, көпшiлiк-саяхат және қор бөлiмi. Музейдiң негiзгi қорында аспандағы аққу құстан ән оздырған атақты сал-серiлер Бiржан салдың, Ақан серiнiң, Үкiлi Ыбырайдың, Балуан Шолақтың жеке заттары, Көкше өңiрiнде туып өскен белгiлi ақын-жазушылар, әдебиеттанушы ғалымдар Жұмағали Саинның, Есмағамбет Ысмайловтың, Көкен Шәкеевтiң, Мұса Асайыновтың, Сәкен Жүнiсовтiң, Естай Мырзахметовтiң, Тұрсынбек Кәкiшевтiң жеке бұйымдары, қол жазбалары, әдеби шығармалары, тарихи фотосуреттерi сақталынған. Ең құнды жәдiгерлердiң қатарында Қожа Ахмет Иассауидiң «Диуани хикмет» кiтабының ортағасырлық көшiрмесi, Қарауыл Қанай бидiң саптыаяғы, XVIII ғасырдағы батырдың су iшкен құтысы, Ақан серiнiң Темiрбек ұста жасаған адалбақаны, Ақанның ән ғұмырына айналған Ақтоқтының айнасы және iс тiгетiн «Зингер» машинасы, Ақтоқтыдан туған Жалмұқанның баласы Сұлтанның домбырасы тағы басқалар бар. Қазақ халқының өткен ғасырлардағы көшпелi өмiр тiршiлiгiнiң айнымас бөлшегiне айналған музыкалық ұлттық аспап түрлерi, зергерлiк әшекей бұйымдар, ағаштан, терiден жасаған тұрмыстық көне заттар да мұражайдың құнды жәдiгерлерi болып табылады.

 

 

 ҒИМАРАТ ТАРИХЫ.

Бүгiнгi күнде музей баланысындағы Көкшетау қаласы, Әуезов көшесi, 163 мекен-жайындағы бұл ғимараттың өзi де мемлекет қорғауындағы сәулет ескерткiшi болып саналады. ХХ ғасырдың басында орыс көпесi Устин Игнатьевич Коротков 1903 жылы базар алаңына бұл ғимаратты сауда үйi ретiнде салдарған. Бiр қабатты кiрпiш ғимаратта бiрнеше оқшауланған сауда бөлмелерi болған. Саудагер өз дүкенiнiң бiр бөлiгiн қолөнер шеберлерiнiң шеберханасы ретiнде пайдаланып, қалған аумақты жалға бередi.

1934 жылы ғимаратта 280 орындық кинотеатр ашылды. Кинотеатр екiншi дүниежүзiлiк соғыс уақытында жұмыс iстемегенiмен, кейiн қайта ашыларда күрделi жөндеу жұмыстар жасалып, адам танымастай өзгерiске ұшырайды. 1945 жылдың қарашасында бұл өзгерiс жайында "Тозығы жеткен ғимараттың орнына қала тұрғындары керемет ғимаратты көредi. Көрермендер залы 330 орынға дейiн кеңейтiлiп, ыңғайлы орындықтармен жабдықталған. Фойенiң қабырғалары мен төбесi әдемi боялған, оркестрге арналған сахнасы бар" — деп жазды "Сталинское знамя" ("Степной маяк") газетi.

Облыстық атқару комитетiнiң 1948 жылғы 8 қыркүйегiндегi шешiмi бойынша кинотеатрға кеңестiк мемлекет қайраткерi Андрей Ждановтың есiмi берiлдi, ал 1964 жылы балалар мен жасөспiрiмдерге арналған кинотеатр болды.

1989 жылы кинотеатр атауы «Юность» болып өзгертiлдi. 2009 жылы қаламыздағы ең көне кинотеатр жабылып қалды. Дегенмен, ғасырға жуық тарихы бар ғимарат облыстық халық шығармашылығы орталығының пайдаланылуына берiледi. Ал, 2014 жылдың 20 қарашасынан бастап облыс әкiмдiгiнiң шешiмiмен Ақмола облыстық Әдебиет және өнер музейiнiң баланысына тапсырылды.

2019 жылы облыстық бюджеттен қаржы бөлiнiп, музей ғимараты толықтай күрделi жөндеуден өтсе, 2021 жылы тағы да қосымша қаржы бөлiнiп, музейдiң iшкi экспозициясы толықтай қайта құрылды.