Музейдегі мол мұра
Тарихқа селсоқтық таныту — болашағымыздың жарқын болатындығына күдiк тудыратын қатер екендiгiн әлi де нақты түсiне қоймағандаймыз. Әсiресе жас буынның санасына жан-жақтан кесапатқа толы шабуыл жасалып жатқан бүгiнгiдей уақытта тiптен мүлгуге болмайтыны анық. Тоқсан ауыз сөзден тобықтай түйiн түйiп, толғамалы ала балта қолға алып топ бастаған кешегi бабаларымыздың бойындағы рух бүгiнгi өскелең ұрпақтың кеудесiнде бүр жарсын десек тарихты жалаң түрде оқытудан алшақ болғанымыз абзал. Тарихты тек жеке пән тұрғысынан оқытатын кез арта қалып, ендiгi уақытта ұлт тарихын ұрпақ санасына сабақтастыра отыра сiңiргенiмiз мақұл болмақ iс.
Олай болса тарихты заттық және рухани құндылықтар тұрғысынан танытуда, ғылыми тұрғыда зерттеп, оның нәтижелерiн насихаттауда, осы негiзде тәлiм-тәрбие беруде музейдiң де маңызы зор екендiгiне ешкiм шүбә келтiре қоймас. Жалпы, мұражайдағы жәдiгерлердi көпшiлiкке насихаттаудың үш құрылымы бар. Олар: информативтiк (ақпараттық), аттрактивтiк, экспрессивтiк. Информативтiк (ақпараттық) — мұражайлық заттың мағынасын ашады, яғни оның тарихи жағдайларға, мәдени-табиғи құбылыстарға, т.б оқиғаларға қатысы туралы хабарлар бередi. Сыртқы хабарларға заттың тарихы, яғни қай жерлерде пайдаланылды, кiмдермен байланысты болды деген сияқты деректер қамтылады. Осы екi хабарлама бiр-бiрiн толықтырады және жәдiгердi мұражайлық зат ретiнде танытады. Аттрактивтiк құрылым — бұл заттың сыртқы келбетi. Заттың пiшiнi, өлшемi, түсi, көрермендi қызықтыруы. Экспрессивтiк құрылым — бұл затты көру арқылы санамыздағы белгiлi оқиғалардың, тарихи құбылыстардың еске түсуi, яғни жаңғыруы.
Жоғарыдағы аталған үш құрылымның көрерменге, әсiресе оқушылар мен жас бүлдiршiндерге қаншалықты оң әсер қалдыратындығын бала писхологиясын жетiк меңгерген адамға айтпаса да түсiнiктi. Десек те солардың бiрнешеуiне тоқтала кеткендi жөн көрдiк. Ең әуелi ата-аналар баласына көңiл бөлерлiк уақыт таба алмай жүрген бүгiнгi күнде пайда болған бос кеңiстiктi пайдалы iске бiлiм алуға жұмсап, сыныптастарымен-достарының қасында болып қоғамдық ортаға бейiмделедi, тарихи жәдiгердiң суретiн емес нақты заттық бейнесiн көредi, толық интелект ретiнде қалыптасаудың негiзi қаланады, мәдени-эстетикалық талғамы толысып, тарихқа деген қызығушылығы бұрыңғыдан да арта түседi т.б. Оның үстiне музейге келген адам белгiлi бiр жәдiгер турасындағы тарихи танымды өзiн бiр демалып жүргендей, еркiн күйде қабылтайтындықтан есте ұзақ сақталу мүмкiндiгi бiршама өсетiнi тағы бар.
Ал ендi, Әдебиет және өнер музейiнiң көрме залындағы бiр-екi жәдiгерге тоқтала отырып, ойымызды ары қарай өрбiтсек. Музей қызметкерлерi үшiн де жалпы қазақ үшiн де асқан құнды болып табылатын бұл жәдiгерлер: саптыаяқ пен құты. Алдымен бұл зат атауларының шығу этимологиясымен таныстырып өткенiмiз жөн болар.
Қазақ қос қолдап сусын iшетiн тостағанның үлкен түрiн «аяқ» деп атаған. Бұл атау қазiр де халық арасында «аяқ шыны» деп шыныдан жасалған үлкен кесеге қарата айтылып та жүр, итке ас құйып беретiн ыдыстың атауы болған «итаяқ» сөзi де «ит» және «аяқ» сөзiнiң қосындысы болып табылады. Ал ендi осы аяққа қолға ұстауға ыңғайлы етiп ернеуiнен сәл төменгi бiр бүйiрiне сап орнатылған болса «саптыаяқ» деп аталатын болған.
Келесi кезекте музейiмiздегi сапты аяққа қысқаша сипатама бере кетсек. Ағаштан ойылып жасалған ас құйылатын, сыйымдылығы бес литр шамасындағы шұңғыл, сопақша ыдыс. Оның түбi орнықты, жиегi тiк, жұқа болып келген. Iлiп қоюға не қанжығаға байлауға ыңғайландырып сабына темiр шығыршық тағылған.
Халқымызда «құты қашты» немесе «құтты орнына қонды» деген сөз тiркестерi бар. Бұндағы «құт» сөзi алғашқы тiркесте бағы тайды, ырыс-ынтымағы тозды деген мағынада айтылса, ал екiншiсiнде бақытын тауып, ырысты орнына орнықты деген мағынада айтылған. Бiздiң келесе сөз қылғалы отырған жәдiгерiмiздiң атауының шығу осы «құт» сөзiнен туындаған. Яғни iшер ас пен сусын адамның құты, бақытының бастау, қажыр-қайраты деген мағынада.
Құты — халқымыздың тұрмысында жиi пайдаланылған ыдыс түрлерiнiң бiрi. Оны алыс жол жүрген жолаушы, күн ұзаққа мал соңында жүрген малшылар және жорыққа аттанған батырлар қанжығаға бөктерiп, сусын құйып алатын болған.
Жасалуына тоқталар болсақ темiр бұйымдары есептi, ол жезден, мыстан және олардың қоспасынан шендестiрiле отырып жасалған. Дөңгелек пiшiндес келiп жоғарғы жағынан шүмек iспеттi мойын шығарылған. Мойынның ернеуi дөңгелете жапырылған. Мойын тұрған тұстан сәл төмен шығыршық тағуға арнайы темiр құлақша бекiтiлген. Қос құлақшаға шынжыр темiрдiң екi ұшы шығыршықтар арқылы тоқтатылған. Темiр шынжырға iлiп қояға не қанжығаға байлауға ыңғайландырып имек темiр тағылған.
Ал ендi қос жәдiгердiң құндылығына неде деп ойласаңыз? Әуелi екеуi де үш ғасырдан астам тарихы бар ХVIII ғасырдың жәдiгерлерi. Әрi саптыаяқ — Мағжан Жұмабаевтың «Батыр Баян» поэмасында: «Ту баста Абылайды хан көтерген, Қамқоры қарауылдың шешен Қанай» деп келетiн атақты Қанай биге, ал құты — Үмбетей Абылайға: «Жасыңда болған сырласың, Үлкен де болса құрдасың… Батырың өлдi — Бөгенбай!» деп жүрегi қарс айырылып өлiмiн естiретiн Бөгенбай батырға тиесiлi. Шаршы топқа түсiп, көмекейi бүлкiлдеп сөз бастағанда қарауыл Қанай бидiң қымыз құйдырып шөл басқан сапты аяғы мен жауды жарып кiргенде көк бөрiдей көрiнген Бөгенбай батырдың сусын iшкен құтысы. Бiрi би де бiрi батыр ел басына күн туып, екi талай қал кешкен, жау жағадан алғанда заманда Абылай ханның туының астынан табылып, бiрi қара қылды қақ жарған шешен тiлiмен, бiрi жауды жайпап қашырған ерлiк iсiмен ұлтына адал қызмет атқара бiлдi.
Ақылға салып аңдаған адамға тек қана екi жәдiгердiң өзi-ақ қазақ тарихына қатысты бiраз жайттан хабар бередi. Ал мұндай құшағына тарихтың құпиясын қаусырған жәдiгерлер музейлерде жүздеп саналады. Ендеше болар iске аптықпай өткен күнге де көз жiберiп қарсақ небiр асылдар көзге шалынары анық. Ескiнiң бәрiн ескiрiп қалған көрiп есiмiзден шығара берсек, ертең күнi ел болудан қалып, жаһанданудың жұтқыншағынан өтiп кетуiмiз бек мүмкiн. Бүгiнгi көп жас заты түгiл атын да бiлмейтiн бабалардан қалған баға жетпес мұралар, шежiрешiл қарттай, әр қилы бiр кезеңнен сыр шертiп тұрғандай көрiнедi кейде, тек құлақ түре бiлсеңiз болғаны!..
Бақытбек Бекмұратұлы
Әдебиет және өнер музейiнiң
ғылыми қызметкерi