Бүгін: 14.12.2024
Әдебиет пен өнер ұлы болмаған жерде - ұлт та ұлы бола алмайды. Ғабит Мүсірепов

«Мұхтар Әуезов өмірі мен шығармашылығы һәм Алаш идеясы» ғылыми конференция

Әдебиет және өнер музейiнде Алаш ұлттық автономиясының, Алаш партиясының және Алаш үкiметiнiң құрылғанына 100 жыл толуы мерейтойы қарсаңында «Алаш алыптары» атты жаңа инновациялық жоба жүзеге асырылуда. Осы инновациялық жоба аясында 2017 жылдың 27-қыркүйегi күнi заманымыздың заңғар жазушысы, академик Мұхтар Әуезовтың 120 жылдығына орай «Мұхтар Әуезов өмiрi мен шығармашылығы һәм Алаш идеясы» атты ғылыми конференция болып өттi. Конференцияның мақсаты Алаш ұлттық автономиясының, Алаш партиясының және Алаш үкiметiнiң құрылғанына 100 жыл толуын және заманымыздың заңғар жазушысы, академик Мұхтар Әуезовтiң 120 жылдық мерейтойын лайықты деңгейде атап өту, аяулы Алаш ұлдарының қазақ халқының жарқын болашағы үшiн атқарған өлшеусiз еңбегiн жас ұрпаққа насихаттау, халық үшiн адал да қажырлы еңбек етуге шақыру, оқырманның М.Әуезовтiң шығармашылығына деген қызығушылығын арттыру, көпшiлiктi көркем әдебиеттi оқуға шақыру, музей iсiн жандандыру, халықты мәдени ошақтарға жиi келiп тұруға дағдыландыру болып табылды.

Әдебиет және өнер музейi дәлiзiнде М.Жұмабаев атындағы Ақмола облыстық ғылыми-әмбебап кiтапханасы Мұхтар Әуезовтың шығармашылығы мен Алаш қайраткерлерi турасындағы кiтап көрмесiн көпшiлiк назарына ұсынды.

Конференцияға Ақмола облысы мәдениет басқармасы Әдебиет және өнер музейi ғылыми қызметкерi Нұрболат Әлменов модераторлық жасады. Конференция Ақмола облысы мәдениет басқармасы Әдебиет және өнер музейi директоры Нұралы Нұрбек Жамашұлының құттықтау сөзiмен ашылды.

Конференцияда төмендегiдей тақырыптағы баяндамалар оқылды: «М.Әуезовтың «Абай жолы» романының қазақ және орыс әдеби сынында танылу, бағалану тарихы» — Ш.Уәлиханов атындағы Көкшетау мемлекеттiк университетi профессоры, ф.ғ.к. Сәбит Жәмбек; «Алашшыл тұлға Мұхтар Әуезовтың қайраткерлiгi» — М.Жұмабаев атындағы Ақмола облыстық ғылыми-әмбебап кiтапханасының қызметкерi Қуаныш Оспанов; «Алаш арысы — Мұхтар Әуезов» — М.Ғабдуллин атындағы №3 көптiлде оқытатын кәсiби мектеп–гимназиясы,қазақ тiлi мен әдебиетi пәнiнiң мұғалiмi Бақытжан Балтабайқызы Билялова; «Бөрiлiде туған көкбөрi» — Ақмола облысы бiлiм басқармасының жанындағы «Көкшетау қаласы, (қазақ тiлiнде оқытылатын) Ж. Мусин атындағы жоғары педагогикалық колледжi» МКҚК оқытушысы Қуаныш Қожабайұлы; «Мұхтар Әуезов және ұлттық өнер» — Ш.Уәлиханов атындағы Көкшетау мемлекеттiк университетi, филология мамандығының 3 курс PhD докторанты Гүлназ Бөкен. «Ел бiрлiгi» Ақмола облысының қоғамдық бiрлестiгiнiң төрағасы, Қазақстан Журналистер одағының мүшесi, Қазақстан Республикасының Ақпарат саласының үздiгi, журналист Бақыт Смағұл жарыс сөзге шығып, Алаш қайраткерлерiнiң ұлт алдындағы адал қызметi мен М.Әуезовтың қайраткерлiк тұлғасы туралы сөз қозғады. Аяулы Алаш ұлдары мен Мұхтар Әуезовтың тұлғасын жан-жақты таныған көпшiлiк қауым риза көңiлмен тарқасты.