Қазақтың төл мәдениетінде, халықтың тұрмыс-тіршілігінде ежелден ерекшеленіп көрінетін, ұлттық болмысымыздың ажырамас бөлігіне айналған өнердің бір саласы - қолөнер. Ескі заманнан байырғы жұртымыздың күнделікті өмірінде жиі қолданылатын өру, тоқу, тігу, мүсіндеу, құрастыру, бейнелеу сияқты шығармашылық жиынтықтар қазақ қолөнерінің негізі болып табылады. Қазақ халқының қолөнері сан ғасырлар бойы атадан балаға мирас болып, замана келбетіне қарай түрленіп отырды. Бүгінгі азат ұрпаққа мұра болған ұлттық қолөнер туындыларынан уақыт бедерін, ұлттымыздың болмысын, дүниетанымын көре аламыз.
Қолөнер бұйымдарын жасаушы шеберді халқымыз "шебердің қолы алтын" деп әспеттеп, айырышқа құрмет тұтады. Бабалардан жеткен осынау өнерді жандандырып, түрлендіріп, елімізде және шет елдерде насихаттап жүрген қолөнер шеберлері бүгінде баршылық. Солардың бірі ҚР Суретшілер одағының мүшесі, Шортанды ауданының Құрметті азаматы, суретші, қолөнер шебері - Бектас Кәрімұлы.
Бектас Кәрімұлының кіндік қаны тамған жері қазақ халқының түп атасы түркілердің алтын бесігі болған қарт Алтайдың күнгей бетіндегі Монғолия топырағы. Бектас шебер мезгіл ауанымен көшіп-қонған көшпенді жұрттың жұрнағы болып табылатын монғолия қазақтарының өкілі. Сол себепті де шебердің балалық дүниетанымы тұмса табиғат қойнауында қалыптасты. Шебер жасынан көкке қол созған таулардың қарлы шыңдарын, таудан аққан өзеннің тұнығын, қапталындағы жасыл шөп, жайқалған ағаштың жапырағын, жүйткіген жүйрік жылқының шабысын, қос өркешті атан түйелердің маң-маң басқан жүрісін, ай мүйізді ақ серкелердің тастан-тасқа секіріп ойнақ салғанын, құсбегілердің балапан бүркіттерді баптағанын, қырандардың қанаты қатайып аңға түскенін көріп өсті, көкейіне түйді. Осы суреттердің барлығы бала Бектастың бойындағы бабаларынан берілген суреткерлік, шеберлік қасиеттің дараланып шығуына әсер етті.
«КӨШ» «ЖАЙЛАУ»
кенеп, майлы бояу кенеп, майлы бояу
Бектас Кәрімұлы балабақша жасынан-ақ өнерге икемділік танытты, сурет салуға машықтанды. Баян-Өлгей аймағының Байкөл Баяннуур ауылы мектебін тәмәмдаған соң, Монғолияның астанасы Улан-Батыр қаласындағы көркем сурет мектебіне жолдама алды. Алғашқы еңбек жолын 1981 жылы Баян-Өлгей аймағының музыкалық драма театрына сахна суретшісі қызметімен бастады. 1992 жылы Ресейдің Петербург қаласындағы Репин атындағы живопись пен скульптура жоғарғы мектебінде алты айлық курста оқып, біліктілігін жетілдірді.
1996-1998 жылдары аралығында аймақтық Суретшілер Одағында қызмет жасап, сол уақыттан бастап шығармашылық жұмыспен де айналыса бастады. Туындылары түрлі көрмелерге қойылып, еңбегі жоғары бағаға ие болды.
Бектас Кәрімұлы 2005 жылы отбасымен атамекені қазақ даласына көш түзеп, Ақмола облысы Шортанды ауданына қоныстанды. Қазақ топырағына табан тіреуі Бектас шеберге үлкен рухани серпін берді. Көк байрағы желбіреген атамекенге қоныстануының қауанышы мен жастық ғұмыры өткен туған жеріне деген сағынышы шебердің шығармашылыққа біржола бет бұруына себеп болды. Әуелден еңбекқор, ізденімпаз өнер иесі көпшіліктің көңіліне қуаныш сыйлар көптеген картиналар мен қолөнер туындыларын жасап шықты. Бүгінде суретшінің су бояу, майлы бояу, қара қарындашпен, көмірмен салған 2000-ға тақау үлкенді-кішілі картиналары бар. Сондай-ақ, жануарлардың жаурын сүйектерінен ойып, өрнек салып жасаған туындылары бір төбе.
Шебермен алғаш рет облыстық "Ақмола жұлдыздары" көркемөнерпаздар байқауының қазылар алқасы құрамында Шортанды ауданына барғанда таныстым. Сол жолы облыс орталығында көрмесін өткізетін болып, келісіп қайттым. Сондан бері, 2017 жылдан бүгінгі күнге дейін өзім жұмыс жасайтын Ақмола облыстық Әдебиет және өнер музейінде Бектас Кәрімұлының жеке шығармашылық көрмесін бірнеше мәрте өткіздік. Осы шығармашылық байланыс болашақта да жалғасын таба бермек. Себебі, көшпенді өмір көріністерін көңіліне түйген суретшінің туындыларын көпшілік қауым қашан да үлкен сүйіспеншілікпен қабылдайды, жеке коллекцияларына сатып алады. Өнер иесінің жұмысы жұртшылық сұранысына ие.
Бектас Кәрімұлы картиналарында қоңыр түске басымдық берген. Оның сыры суретшінің жан дүниесінде жатса керек. Қоңыр түс жалпы қазаққа тән бояу. Халық ұғымында қоңыр кеш, қоңыр жел, қоңыр бел, қоңыр күй, қоңыр дауыс тәрізді тіркестер бар. Қоңыр түс - тыныштықтың, қарапайымдылықтың, бірқалыпты тіршіліктің, тұрақтылықтың сипаты тәрізді. Содан болса керек жалпы қазақылық сипат суретші туындыларынан көрініс береді. Өнер иесінің картиналарындағы қоңыр бояу, қоңыр түс ұлттық нақыштағы кескін-келбет, тұрмыс-тіршілік, өмір суреттерін аша түседі.
"ҚҰСБЕГІ", 60х80 см. Кенеп, майлы бояу. 2020 жыл.
Сүйек жону өнері халқымызда ертеден бар. Шеберлердің тарақ, білезік, сырға тәрізді әшкейлерді сүйектен жасап, төсек, сандық, домбыра тәрізді бұйымдарды сүйекпен әрлегені белгілі. Осы бір көнеден жеткен өнер түрін жаңғыртып жүрген Бектас Кәрімұлының жауырын сүйектен жонып жасаған өрнекті туындылары да көпшілікті қатты қызықтырады. Шебер түйенің, жылқының, қойдың жауырындарын жонып, ойып қазақтың тарихынан, мәдениетінен, тұрмыс-тіршілігінен сыр шертетін небір өрнекті бейнелерді жасап шығарған. Ықылым заманда тасқа салынған көне суреттер, балбал тастар, халқымыздың музыкалық асаптары, төрт түлік бейнелері, жүйрік тұлпарлар мен қыран құс сұлбасы, Тәуелсіздік символына айналған мәуелі тұғырлар, әшекей бұйымдары, алып бәйтеректер осының барлығы қолөнер шебері туындыларының тақырыбына айналған. Бектас Кәрімұлы шығармашылығы сан ғасырлық дәуірдің, ұлт мәдениетінің қолөнер бейнесіндегі энциклопедия тәрізді десек те артық айтқандық болмас. Шебер өз жұмыстарында сүйектен басқа тері, киіз, жүн, ағаш, жылқының қылы тәрізді көшпелі елге ежелден ете таныс материалдарды пайдаланады.
Бұл күнде өнер иесінің туындылары Түркия, Өзбекстан, АҚШ, Ресей, Монғолия тәрізді көптеген шет елдердегі халықаралық қолөнер шеберлерінің фестивалында жүлделі орындарды еншіледі. Республикалық, облыстық көрмелерге жұмыстары жиі қойылып тұрады.
Бақытбек Бекмұратұлы,
Әдебиет және өнер музейінің ғылыми қызметкері