1 маусым — Халықаралық балаларды қорғау күнi. Жыл сайын осы мерекенi лайықты дәрежеде атап өту үшiн Әдебиет және өнер музейi қала мектептерi оқушыларының арасында «Бiз бақытты баламыз» атты сурет сайысын өткiзiп келедi. Балаларды шығармашылыққа бейiмдеу, олардың ерекше қабiлетiне қолдау бiлдiру музей педагогикасындағы басым бағыттардың бiрi. Сайыстың мақсаты да бүлдiршiндердiң шығармашылығын насихаттау болып саналады. Биылғы сайыс тақырыбы «Туған жер» деп бектілген еді.
Бұл дәстүрлi сурет сайысына қала мектептерiнен 119 оқушы қатысты. Суретшi, мүсінші Юрий Попов, суретші-педагог Наталья Булгакова мен Наталья Лосева сынды қазылар алқасы конкурстың қорытынды бөлiмiне 10 оқушының жұмысын лайықты деп таныды. Жүлделi III орын Красный Яр №2 орта мектебінің оқушысы Құнанбай Ерәліге бұйырса, II орынды №3 мектеп-гимназиясының оқушысы Дүйсенбек Абай иелендi. Көкшетау қаласы №18 орта мектептiң оқушысы Қаматай айжарық конкурс жеңiмпазы атанды. Өнер бәйгесiне қатысқан оқушылардың бәрiне ынталандыру сыйлығы табысталды. Марапаттау рәсiмiнде оқушыларға тәлiм-тәрбие берген мұғалiмдер де ұйымдастырушылар алқасының алғыс хатына ие болды. Iс-шараға қатысқан ата-аналар балаларға көтерiңкi көңiл-күй мен қуаныш сыйлаған музей ұжымына алғыс бiлдiрдi.