Бүгін: 14.12.2024
Әдебиет пен өнер ұлы болмаған жерде - ұлт та ұлы бола алмайды. Ғабит Мүсірепов

18 мамыр – халықаралық музейлер күні. Осы мереке аясында еліміздегі музейлерде «Музей түні» акциясы дәстүрлі түрде өткізіліп келеді. Бұл дәстүрден Әдебиет және өнер музейі де тыс қалған емес.

Музей ұжымы акция асында «Өнер» балалар көркемсурет студиясының көрмесін ұйымдастырды. Көрмеге 40-тан астам туынды қойылып, көпшіліктің жоғары бағасына ие болды. Көрменің ашылу рәсімінде аталған студияның жетекшісі, суретші Ибраһим Иса балалар шығармашылығының дамуына зор үлес қосып жүрген музей ұжымына алғыс білдірді.

Бұдан әрі іс-шара «Жауқазын» жастар театрының қойылымымен жалғасты. Өнерлі өрендер қазақ поэзиясының талантты өкілдерінің шығармаларынан өлең оқып, көпшілікті тәнті етті. Сонымен қатар гитараның сүйемелдеуімен тамылжыта ән салды. Жас ақын Абылайхан Әшімханұлы жырдан шашу шашып, өрелі өлеңдерімен тыңдарман қауымды тәнті етті.

Кеш барысында қолөнерші шебер Кенжебай Смағұлқызы қолөнер бұйымдарының көрмесін және бұйымдардың жасалу жолынан мағлұмат беретін мастер-класс ұйымдастырды. Іс-шараға келген көрермендер мастер-класты ерекше қызығушылықпен тамалады.

Музей ұжымы шығармашыл тұлғаларды әрдайым ынталандырып, шығармшылығының алға басуына ықпал етіп келеді. Осы іс-шара барысында да өнерін ортаға салған жастарға сый-сертификаттар табысталып, алғыс хаттармен марапатталды.

Іс-шара жоғары деңгейде ұйымдастырылып, қаланың мәдени өміріндегі айтулы оқиға болды деп сеніммен айта аламыз.