2023 жылдың 4 мамыры күні Қостанай қаласындағы облыстық тарихи-өлкетану музейінде Әдебиет және өнер музейінің «Бурабай аңыздары» көркемсурет көрмесінің ашылуы болып өтті.
Бұл көрменің мақсаты: қойнауы аңызға толы көрікті Бурабай баурайында 2019 жылы Ақмола облысы әкімі қолдауымен өткен халықаралық суретшілер форумы аясында шет ел суретшілері салған қырыққа тарта өнер туындысын Қостанай облысы тұрғындары мен қонақтарының назарына ұсыну. Сонымен қатар, көпшіліктің көркемөнерге деген қызығушылығын оятып, эсетикалық талғамын қалыптастыру. Жастарды отанды, туған жерді қастерлеуге шақыру, бос уақыттарын тиімді пайдалануға баулу.
Ашылу рәсіміне Қостанай қаласының зиялы қауым өкілдері, мәдениет пен өнер саласының қайраткерлері қатысты. Ашылу салтанатында сөз алған Қостанай облысы мәдениет басқармасының басшысы Ерлан Қалмақов іс-шараның мән-мазмұнына тоқтала келіп, көрмені қала жұртшылығы назарына ұсынған Әдебиет және өнер музейіне алғыс білдірді.
Әдебиет және өнер музейінің директоры Нұрбек Нұралы өз сөзінде Қостанай мен Ақмола облыстары арасындағы мәдени-рухани, шығармашылық байланыс орнатуға, екі өңір музейлерінің әріптестік қарым-қатынаста жұмыс істеуіне жағдай туғызған Қостанай облысы мәдениет басқармасына алғыс айта келе, Қостанай облысы мәдениет басқармасының басшысы Е.Қалмақовқа Ақмола облысы мәдениет басқармасының басшысы Айгүл Баубекқызы Сәбитованың ықылас хатын табыс етті.
Ашылу рәсімінен соң Әдебиет және өнер музейінің аға ғылыми қызметкері Гүлзайра Сәбитова келген қонақтарға көрмені таныстырып, туындылар туралы жан-жақты мағлұмат берді. Көрермен қауым асқан шеберлікпен салынған суреттерді тамашалап, өрелі өнер әлемінен ерекше әсермен қайтты.