Бүгін: 14.12.2024
Әдебиет пен өнер ұлы болмаған жерде - ұлт та ұлы бола алмайды. Ғабит Мүсірепов

ХХ ғасырдың басында қазақ поэзиясына құбылыс болып келген ақын, алаш арысы Мағжан Жұмабаевтың туғанына биыл 130 жыл толып отыр. Осы мерейтойды атап өту аясында еліміздің әр аймағында үлкенді-кішілі іс-шаралар өтіп жатыр. Соның бірі «Мағжан көктемі» жыр мүшайрасы.

Аталған жыр сайысы 2023 жылдың 27 сәуірі күні Ақмола облысының Әдебиет және өнер музейінде ұйымдастырылды. Мүшайрада Көкшетау қаласынан өзге, Бұланды, Зеренді аудандарынан және Степногорск қаласынан келген ақындар өнер көрсетті. Ереже бойынша әр ақын екі өлең ұсынды. Бірі Мағжан Жұмабаевқа арнау, екіншісі еркін тақырыптағы шығарма болу керек.

Мүшайра Ақмола облыстық филармониясының әншісі Сәрсенбай Хасеновтың орындауындағы Мағжанның «Ақсұңқар құс» әнімен басталды. Әсем әннен соң ортаға ақындар шығып, жыр-арнауларын оқыды.

Ақындардың шығармаларына төрелік еткен қазылар алқасы: ақын, журналист Серік Жетпісқалиев, ақын, жазушы-журналист, PhD-доктор Ерболат Баятұлы, Әдебиет және өнер музейінің директоры Нұрбек Нұралы төмендегідей шешім шығарды.

Ынталандыру сыйлығымен Рамазан Бауыржан мен Оралбек Нүріш марапатталды. ІІІ орын Қуаныш Оспан мен Мерген Тоқсанбайға бұйырса, ІІ орынды Табысбек Үсен иеленді. Сайыстың жеңімпазы болып Степногор қаласынан келген ақын Нұрғайып Хавсемет танылды.

Мүшайраға қатысқан жеңімпаздар мен жүлдегерлерге музей басшылығы тағайындаған бағалы сыйлықтар мен дипломдар табыс етілді. Қазылар алқасы қатысушыларға шығармашылық табыс пен шалқар шабыт тіледі.

Бұл мүшайра Мағжан ақынның есімін ардақтау жолында істелген игілікті істердің бірі болары сөзсіз.