Бүгін: 14.12.2024
Әдебиет пен өнер ұлы болмаған жерде - ұлт та ұлы бола алмайды. Ғабит Мүсірепов

 Биыл қазақ ән өнерінің Құлагері, әнші-сазгер Ақан сері Қорамсаұлының туғанына 180 жыл толып отыр. Осы мерейтойға орай Ақмола облысы мәдениет басқармасының Әдебиет және өнер музейі 2023 жылғы қарашаның 23-інде «Ақан сері Қорамсаұлының әдеби және музыкалық мұрасы» тақырыбына ғылыми-теориялық конференция ұйымдастырды.

Конференцияны Ақмола облысы мәдениет басқармасының басшысы А.Сәбитова құттықтау сөзбен ашып, ғылыми іс-шараның жұмысына сәттілік тіледі. Өлкетанушы, шежіреші Мұсатай Есмағамбет Ақан серінің шығу тегі мен туған жері жайында баяндама жасап, Ақан сері жайлы жазған кітабын таныстырды. Ш.Уәлиханов университетінің оқытушысы, филология ғылымдарының кандидаты Сәбит Жәмбек Ақан серінің ақындығы жайлы, phd-доктор Ерболат Баятұлы Ақанның сазгерлігі туралы сөз қозғады. Филология ғылымдарының кандидаты Аян Қажыбай Ақан серінің көркем әдебиеттегі бейнесін талдаған баяндамасын ұсынды. Іс-шараға келген зиялы қауым өкілдері, еңбек ардагерлері мен ғылым қайраткерлері конференцияның мазмұны мен ұйымдастырылу деңгейіне жоғары бағы берді.

Өткен ғасырдағы өнерпаздардың ішінде дарыны басқалардан ерек, өмірі жұмбаққа толы таңғажайып, қазақ ән өнерін аспандатқан айтулы тұлға – тағы да Ақан сері Қорамсаұлы. Қазақ ауыз әдебиетінің нұсқаларын жинаушы, атақты Мәшһүр Жүсіп Көпеевтің: «Ақан сері заманының сұңқары, қызыл тілдің ділмәрі, жігіттің құлпы жібегі, сөздің ағытылған тиегі» дейтіні де сондықтан.

Конференция қорытындысы бойынша ғылыми баяндамалар жинағы басылып шықты. Жинаққа он автордың мақаласы енді. Бұл басылым ақантану ғылымына қосылған сүбелі үлес деуге әбден болады.