Бүгін: 14.12.2024
Әдебиет пен өнер ұлы болмаған жерде - ұлт та ұлы бола алмайды. Ғабит Мүсірепов

Биыл жерлесіміз – қарымды қаламгер, айтулы ақын, ойы ұшқыр журналист, аудармашы Қорғанбек Аманжол мерейлі 70 жасқа толып отыр. Осы мерейтойды атап өту мақсатында 2023 жылдың 8 қарашасында, ақыннның нақты туған күнінде Ақмола облысының Әдебиет және өнер музейі «Қаламұшын қалың ойға батырып...» атты әдеби-сазды кеш ұйымдастырған болатын.

Кешке қаламыздың зиялы қауым өкілдері, ақын-жазушылар, әнші-сазгер мен әдебиеттанушы ғалымдар қатысты. Ақмола облысы мәдениет басқармасының басшысы Айгүл Сәбитова, жазушы-драматург Жабал Ерғалиев мерейтой иесіне ақжарма тілектерін арнап, шығармашылық толайым табыс тіледі. Ф.ғ.к. Сәбит Жәмбек, ақын Ерболат Баятұлы Қорғанбек Аманжол поэзиясының тақырыптық-мазмұндық ерекшеліктері жайлы ой толғап, ақын өлеңдеріне талдау жасады. Ф.ғ.к. Аян Қажыбай Қ.Аманжолдың аудармаларына тоқтай келе, мерейтой иесінің бұл салада да ауыз толтырып айтарлық табысқа жеткенін атап өтті.

Ш.Уәлиханов университетінің «Жауқазын» жастар театры өнерпаздары  Қ.Аманжол өлеңдерін нақышына келтіре оқып, көрерменнің ризашылығына бөленді. Үкілі Ыбырай атындағы Ақмола облыстық филармониясының әншісі, сазгер Сәрсенбай Хасенов Қ.Аманжолдың сөзіне жазылған «Зеренді қарағайлары» авторлық әнін орындап, тыңдарман қауымды тәнті етті. Кешті қорытындылаған Әдебиет және өнер музейінің директоры Н.Нұралы іс-шараның өз деңгейінде өтуіне атсалысқан өнерпаздарға, келген қонақтарға алғысын білдірді.