2023 жылдың 23 қазаны күні Әдебиет және өнер музейінде Республика күніне орай "Менің байтақ Республикам" атты іс-шара болып өтті. Іс-шараға Желтоқсан көтерілісінің ардагерлері Ерлан Қиықов, Қайыргелді Ахетов, Айдар Қожабаевтар қатысты.
Аталған азаматтар 1986 жылы 16-18 желтоқсанда Алматыда өткен қазақ жастарының Желтоқсан көтерілісіне қатысқан ардагерлер еді. Қаһарлы қыста қылышынан қан тамған қызыл саясаттың салқынына қарамастан, ұлттық идея мен ұлттық ұстанымды ту етіп шыққан студент жастар КСРО-ның саясатын сын садағына алды.
Міне, сол ашық пікірі үшін темір торда жастық шағын өткізген арда ағалар бүгінгі жастарға өз өмірлерінен үлгі боларлық, өнеге боларлық әңгіме өрбітті.
Тыңдармандар арасынан күмбірлетіп күй орындаған, жалындатып жыр оқыған талапты жастар да болды.
Егемен елдің жастары әсерлі әңгіме, сырлы саз, сұлу сөз тыңдап көтеріңкі көңіл күймен тарқасты.