2023 жылдың 12-ші қазанында Әдебиет және өнер музейінің ұйымдастыруымен жазушы Оралхан Бөкейдің өмірі мен шығармашылығына арналған «Алтайдың кер бұғысы» тақырыбында әдеби отырыс болып өтті.
Биыл қарымды қаламгер, жампоз журналист, көсемсөзші Оралхан Бөкей көзі тірі болса 80 жасқа келер еді. Осы мерейтойды лайықты деңгейде атап өтуді мақсат тұтқан әдеби кешке қонақ болып әдебиетші-ғалымдар Сәбит Жәмбек пен Аян Қажыбай келді. Екі ғалым Оралхан суреткердің шығармаларындағы тіл ерекшелігі, көркемдік деңгейдің биіктігі мен ойының орамдылығы жайында әңгіме өрбітті.
Сәбит Жәмбек сөзінде «Ой мен сезімді қатар өрген шығармалары бірде тұңғиық ойға жетелесе,бірде асқақтыққа, өршілдікке тартып, толғау-толғаныстары кең тынысты болатын» десе, Аян Төлегенұлы «Оралхан шығармаларынан романтикалық құштарлықты, публицистік от-жалынды, реалистік өткірлікті, бірде сағыныш-мұңға бөлейтін лирикалық әуенді аңғаруға болады» деп баға берді.
Мазмұнды өткен кеште көрермен қауым да ғалымдарға Оралханның әдеби мұрасы жайлы сқрақтар қойып, іс-шараның жоғары деңгейде өтуіне атсалысты. Бұл басқосу Оралхан Бөкей шығармашылығын насихаттауға сүбелі үлес қосты деп сеніммен айта аламыз.