Әдебиет және өнер музейі көркемсурет бағытында еңбектеніп жүрген тұлғалардың шығармашылығын кеңінен насихаттап, кәсіби тұрғыда өсіп-жетілуіне барынша жағдай жасап келеді. Олардың арасында балалар шығармашылығы да назардан тыс қалған емес.
2023 жылдың 31 тамызында «В КРАСКАХ» балалар көркемсурет студиясы Әдебиет және өнер музейінде есеп беру көрмесін өткізді. Көрмеге студияда тәлім алып жүрген оқушылардың қолынан шыққан 70 сурет қойылды. Кенепке майлы бояумен, қағазқа қарындашпен, акварельмен салынған суреттер көрген жанның таңданысын тудырмай қоймайды. Қазіргі таңда 200 бала тәлім алып жатыр. Аталған студия оқушылары республикалық олимпиадаларда жүлделі орындарды иеленіп жүр.
Студия жетекшісі Татьяна Адлер – өзі де қылқаламды серік еткен жан. 2021 жылдан бері «В КРАСКАХ» балалар көркемсурет студиясына жетекшілік етеді. Көрменің ашылу рәсімінде сөз алған ата-аналар мен оқушылар Татьяна Александровнаның кәсібилігіне, ұстаздық деңгейіне, педагогикалық шеберлігіне ерекше тоқтала келіп, бір ауыздан алғыс білдірді.
Көрмеге белсене қатысқан ата-аналар мен балалар Әдебиет және өнер музейінің алғыс хаттарымен марапатталды.