Бүгін: 14.12.2024
Әдебиет пен өнер ұлы болмаған жерде - ұлт та ұлы бола алмайды. Ғабит Мүсірепов

2023 жылдың 18 қаңтарында Ақмола облысының Әдебиет және өнер музейінде педагог суретші Мұрат Ғизатовтың «Пейзаж» атты жеке көрмесінің ашылуы болып өтті. Мұрат Болатұлы қазіргі таңда Шортанды ауданының Бозайғыр ауылында «Сиқырлы қылқалам» балалар көркемсурет студиясына жетекшілік етеді.

Суретші Семей қаласында дүниеге келіп, орта мектепті тәмамдаған соң Ы.Алтынсарин атындағы Арқалық педагогикалық институтының көркемсурет және графика факультетіне оқуға түседі. Жоғары оқу орнын бітіргеннен кейінгі уақытта ұстаздық етіп келеді.

Әдебиет және өнер музейінде өткен көрмеге қылқалам шебері негізінен табиғат пен тіршілік иелерін бейнелеген туындыларын қойды. Еңбектерінде суретшінің сезімі, көңіл-күйі, түсінігі, табиғатқа деген эстетикалық, этикалық көзқарасы анық аңғарылады. Жасыл желекті орман, заңғар тау мен ағынды өзендер шебер суреттеліп, көпшіліктің көңілінен шыға білді.

Көрменің ашылу рәсімінде Ақмола облысы суретшілер одағының төрағасы Юрий Попов, Әдебиет және өнер музейінің директоры Нұрбек Нұралы сөз сөйлеп, суретшіге шығармашылық шалқар шабыт тіледі. Талғамы биік көкшелік көрермен көрмеден көтеріңкі көңіл күймен тарқасты.