Бүгін: 14.12.2024
Әдебиет пен өнер ұлы болмаған жерде - ұлт та ұлы бола алмайды. Ғабит Мүсірепов

Қазақстанның Халық жазушысы Тахауи Ахтанов қазақ әдебиетіне тақырыбы мен мазмұны атан көтере алмас ауыр жүкті арқалаған тағдырлы туындыларды сыйлаған қаламгер. Майдан даласында от пен оқтың арасында жүргенде де қолынан қаламы түспеген. Сыз окоп пен қараңғы блиндажда май шамның жарығымен жазған  өлеңдері мен очерктері майдан газеттерінде тұрақты жарияланып тұрды. Соғыстан кейінгі жылдары жарық көрген «Қаһарлы күндер», «Шырағың сөнбесін», «Боран» романдары жазушының шын дарынының деңгейін көрсеткен кең тынысты туынды болды.

Осындай тар жол, тайғақ кешуді бастан өткерген қаламгерді еске алу мақсатында, 2022 жылдың 20 қаңтарында Әдебиет және өнер музейінде «Қаһарлы күндер қаһарманы» тақырыбында әдеби отырыс болып өтті. Іс-шара жазушының ғасырлық тойын атап өту аясында ұйымдастырылды. Жиынға ЖОО студенттері, мәдениет саласының қызметкерлері мен зиялы қауым өкілдері қатысты. Арнайы шақырылған қонақтар: ф.ғ.к. Сәбит Жәмбек, PhD Ерболат Баятұлы, журналист Серік Жетпісқалиев сөз сөйлеп қаламгердің шығармаларына кеңінен талдау жасады. Т.Ахтанов туындыларындағы ІІ ДЖС тақырыбы, солдат образы, әйел бейнесі, романдардың көркемдік деңгейі, тақырып өзектілігі барынша талқыға түсті. Көрермендер қойған сұрақтарына жауап алып, кештің мазмұнын арттыра түсті. Көпшілік арнайы ұйымдастырылған кітап көрмесін тамашалап, іс-шарадан көтеріңкі көңіл-күймен тарқасты.