2023 жылдың 8 ақпанында Ақмола облысының Әдебиет және өнер музейінде ақын Мұқағали Мақатаевтың туған күніне орай «Менің нәзік жанымды кім түсінер...» атты поэзия кеші болып өтті.
Мұқағали Мақатаев – бұл күндері ең көп оқылатын, көп жатталатын және өлеңдеріне ән жиі жазылатын ақын. Республиканың әр аймағында Мұқағали оқулары, ақынды еске алу іс-шаралары жүйелі түрде өтіп келеді. Соның айқын дәлелі Әдебиет және өнер музейінде өткен осы жыр кеші еді.
Бұл іс-шараға қаладағы ЖОО студенттері, жас ақындар, әншілер қатысып, Мұқағали Мақатаевтың жырларынан шашу шашты. Ш. Уәлиханов атындағы Көкшетау университетінің жанынан құрылған «Жауқазын» жастар театрының өнерпаздары Мұқағали өлеңдерінен құрастырылған поэзиялық көркем композиция ұсынды. Жас дарындар өлеңнің табиғатын, астарын көрермен көпшілікке ерекше орындауда ұсынды. Ақын Қуаныш Оспан Әбиірбек Тінәлінің «Фариза қыз» әнін орындап көпшіліктің ризашылығына бөленді. Мерген Тоқсанбай, Бақытбек Бекмұратұлы, Оралбек Нүріш, Абзал Балтабай, Манарбек Қыдырбай сынды ақындар Мұқағалидың мөлдір жырларын нақышына келтіре оқыды.
Кеш соңында Әдебиет және өнер музейінің директоры Н.Нұралы іс-шараға қатысқан талантты жастарға алғыс білдіріп, шығармашылық толайым табыс тіледі.