2023 жылдың 22 ақпаны күні Әдебиет және өнер музейінде Ақан сері атындағы жоғары мәдениет колледжі студенттерінің «Жасампаз жастық» атты көрмесі ашылды. Көрмеге аталған білім ордасында дизайн, киім және интерьер дизайны мамандығы бойынша тәлім алатын студенттердің еңбектері қойылды.
Әдебиет және өнер музейінің директоры Нұрбек Нұралы көрменің ашылу рәсімінде сөз сөйлеп, мәдени шараға қатысқан ұстаздар мен студенттерге шығармашылық табыс тілеп,алғыс білдірді. Колледж қстазы, дизайн бөлімінің еңгерушісі Ұлболсын Мамбетова жастар шығармашылығын насихаттауға мүмкіндік жасаған музей ұжымына алғыс білдіріп, әріптестік қарым-қатынас алдағы уақытта да жалғасын табатынын атап өтті.
Іс-шарада оннан астам жас таланттың 30-ға жуық жұмысы көрермен көзайымына айналды. Майлы бояумен кенепке салынған суреттер өздерінің терең мағына, мазмұнымен, суретшінің асқан шеберлігімен баурады. Туған жердің табиғатын, еліміздің флорасы мен фаунасын, сырлы да терең тарихын, этнографиясы мен қолөнерін тақырып етіп алған жас шеберлер көрменің жоғары деңгейде өтуіне үлкен үлес қосты. Әлемдік спорт жұлдыздары, ауқымды оқиғалар да суретші қаламынан тыс қалмаған.
Сондай-ақ, көрмеде интерьер дизайнына машықтанған студенттер де өнерлерін ортаға салды. Үй жиһазы үлгілерін ұсынып, қиял қанатында түрлі бұйымдар жасаған жастардың шеберлігі көрермендерді тәнті етті. Ән айтылып, өлең оқылған көрменің ашылу салтанаты жасампаз жастардың шынайы мерекесіне айналды. Музей ұжымы алдағы уақытта да өнерлі жастардың шығармашылығын насихаттауды жалғастыра бермек.