2023 жылдың 15 наурызы күні Әдебиет және өнер музейінде ұстаз, журналист, әнші-сазгер Кәрім Ілиястегінің туғанына 95 жыл толуына орай "Арқаның арқалы әншісі" атты еске алу кеші болып өтті.
Іс-шараның мақсаты әнші-композитор, ақын, журналист Кәрім Ілиясовтың 95 жылдық мерейтойын ылайықты деңгейде атап өту, еске алу, өнер адамның өмірі мен туындыларын облыс жұршылығы жүрегінде жаңғырта отырып, көпшіліктің Кәрім шығармашылығына деген қызығушылығын ояту болып табылды.
Іс-шараның беташар сөзін Ақмола облысы мәдениет басқармасының басшысы Айгүл Сәбитова сөйледі.
Өз кезектерінде сөз алған қоғам қайраткері, жазушы Жабал Ерғалиев, АОТӨМ директоры, ақын Құдайберлі Мырзабек, облыстық "Арқа ажары" газетінің редакторы Қайырбай Төреғожа, Кәрекеңнің туысқаны Нұрлан Айсин өнер иесінің өмірі мен шығармашылығынан сыр шертіп, естеліктерімен бөлісті.
Әнші-сазгер Иран сал Тасқара, ҚР Еңбек сіңірген әртісі, әнші Бисара Макенова, Ақмола облыстық Үкілі Ыбырай атындағы филармониясының әншілері Жанат Есов пен Сәрсенбай Хасенов сазгер Кәрім Есмағұлұлының әндерін әуелете орындап, көпшіліктің ризашылығына бөленді.
Әсем ән мен әсерлі әңгіме тыңдаған көпшілік қауым іс-шарадан көтеріңкі көңіл-күймен тарқасты.