2023 жылдың 20 наурызы күні Ақмола облысының Әдебиет және өнер музейiнде әз-Наурыз мерекесi қарсаңында, Көкшетау қаласыдағы ЖОО мен арнаулы орта бiлiм беретiн оқу орындары студенттерi арасында "Наурыз нақыштары" атты жас суретшiлер байқауының қорытындысы болып өттi. Биыл бұл сайысқа мектеп оқушылары да қатысқанын айта кетейік.
Байқаудың мақсаты ұлыстың ұлы күнi әз-Наурыз мерекесiн лайықты деңгейде атап өту; ұлттық нақышта бедерленген көркемсурет туындылары арқылы көпшiлiктiң ұлттық рухын ояту, қазақ халқының мәдениетi турасында мол мағлұматтар меңгерту; суретшi жастардың арасында байқау ұйымдастыра отырып, жас буынның шығармашылыққа деген қызығушылығын арттыру; туындыларын көпшiлiк назарына ұсынып, қылқалам шеберлерiне қанат бiтiру, өнердiң өрелi жолына нық сенiммен қадам басуға шақыру болып табылды.
Байқауға Ш.Уәлиханов атындағы КМУ-дiң «Бейнелеу өнерi, сызу және дизайн» кафедрасы, Ақан серi атындағы мәденет колледжiнің суретшi студенттерi, Красный Яр ауылы көркемсурет студиясының оқушылары жұмыстарын ұсынды.
Жас суретшiлердiң жұмысына Ақмола облыстық суретшiлер одағының төрағасы Юрий Попов, суретшi Ақмарал Сәрсенбаева, әуесқой суретші Ерболат Баят, музей директоры Н.Нұралы төрелiк жасады.
Қазылар алқасының шешiмi бойынша жүлделi ІІІ орынды Ақан серi атындағы мәдениет колледжiнiң студенттерi А.Құдайбергенова мен Ж.Құрманова өзара бөлісті. Ал, ІІ орын Ш.Уәлиханов атындағы КМУ-дiң студенті Г.Сундуковаға бұйырды. Сайыстың жеңімпазы болып Ақан серi атындағы мәдениет колледжiнiң студенті А.Сейітқалиева танылды.
Қазылар алқасы іс-шара соңында сайысқа қатысушы жас суретшiлерге шығармашылық табыс тіледі. Байқауға жұмыстарын ұсынған басқа да балғын суретшiлер алғыс хаттармен, ынталандыру сйлықтарымен марапатталып, жүлдегерлерге бағалы бұйымдар табыс етiлдi.