Бүгін: 14.12.2024
Әдебиет пен өнер ұлы болмаған жерде - ұлт та ұлы бола алмайды. Ғабит Мүсірепов

2023 жылдың 2 шілдесінде Көкшетау қаласының Абылай хан алаңында 1500 домбырашы қатысқан ауқымды флеш-моб өтті. Іс-шараның басты мақсаты: ұлттық домбыра күні мерекесін жоғары деңгейде атап өту және домбыраның халық арасында танымалдығын арттыру. Мерекені жоғары деңгейде атап өту үшін шалғайдағы ауыл, аудандардан да өнерпаздар тобы қатысты.Үкілі Ыбырай атындағы Ақмола облыстық филармониясының ұлттық саз аспаптары оркестрідауылпаз күйші Құрманғазы Сағырбайұлының "Балбырауын" күйін орындап, көпшіліктің ризашылығына бөленді. Бұл іс-шарадан Әдебиет және өнер музейінің қызметкерлері де тыс қалған жоқ.

2018 жылдан бері ұлттық домбыра күні мемлекеттік дәрежеде атап өтілуде. Қазақ халқының аспаптық музыка саласы сан ғасырлар бойы қаншама тарихи кезеңдердің рухани нәрін бойына жинап, өзіндік айрықша үнмен, өзгеше нақышпен, шебер шыңдалып, кемел дамып, ұлттық дара сипатта қалыптасты. Әсіресе домбыра аспабының қазақ халқының руханиятында алар орны ерекше. Көне түрік дәуірінен бері талай ғасырлардың талқысынан өтіп, ұрпақтан-ұрпаққа аманат болып жалғасып жеткен домбыра – қазақ халқының баға жетпес ұлттық рухани құндылықтарының біріне айналды. Академик Ахмет Жұбанов: «Кең даланы мекен еткен қазақ жұртының ең аяулы да қасиетті музыкалық аспабы домбыраның бірде күмбірлеген,бірде шертілген ойлы дыбысы құлаққа жағымды,жүрекке жақын, оның күмістей сыңғырлаған үні талай сырдың басын қайырады. Домбыра —көшпелі елдің көнекөз шежіресі, көпті көрген қарияның көкірек күйі» - деп атап өткен болатын.