Бүгін: 14.12.2024
Әдебиет пен өнер ұлы болмаған жерде - ұлт та ұлы бола алмайды. Ғабит Мүсірепов

2023 жылдың 26 қарашасы мен 1 желтоқсаны аралығында Астана қаласында мәдениет қызметкерлерінің дәстүрлі «Рухани қазына-2023» фестивалі өтті. Фестивальге музей ісі, кітапхана саласы және халық шығармашылығы орталықтары қатысты. Бұл іс-шарада Ақмола облыстық Әдебиет және өнер музейі қызметкерлері екі номинация бойынша сайысқа түскен болатын. «Облыстық маңызы бар үздік музей» және «Облыстық маңызы бар музейдің үздік қызметкері» аталымдарында бақ сынаған музей ұжымы табыспен оралды. Музейдің ғылыми қызметкері Бақытбек Бекмұратұлы «Облыстық маңызы бар музейдің үздік қызметкері» номинациясында жеңімпаз атанып, жұмыстары қазылар алқасының жоғары бағасына ие болды.

Музей қызметкерлері фестиваль аясында музей саласының білікті мамандары, «Казмузей» жобасының жетекшісі Нұрсерік Жолбарыс пен Саялбек Махамбетұлы Ғизатовтың мастер-кластарына қатысты. Мастер-класта музей ісінде әлеуметтік желінің рөлі мен маңызы жайында дәріс оқылып, презентация көрсетілді.

Жұмыс жоспары бойынша мәдениет қызметкерлері ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі мәдениет комитетінің төрағасы Күміс Сейітовамен кездесті. Кездесуде сала мамандарының еңбек шарты, әлеуметтік жағдайы туралы мәселелер талқыланды.

Жалпы алғанда фестиваль жұмысы мазмұнды, жемісті де нәтижелі болды.