2023 жылғы 13 желтоқсан күні Ақмола облыстық Әдебиет және өнер музейінде қала мектептері оқушылары арасында жыл сайын дәстүрлі түрде өтетін қазақ әдебиеті мен тілі білімі ғылымының негізін қалаушы, Алаштың рухани көсемі Ахмет Байтұрсынов атындағы «Алаштың ардақтысы – асыл Ахаң» атты мысал оқушылар сайысы мәресіне жетті. Биыл қала мектептерінен 50-ге жуық үміткер сайысқа қатысуға тілек білдірген еді. Олардың арасынан іріктеліп шыққан 10 жүйрік, байқаудың қорытынды кезеңіне жолдама алды. Бұл іс-шараның басты мақсаты: оқушыларды музейге тарту, Ахмет Байтұрсынұлының өмірі мен шығармашылығын насихаттау болатын.
Балалардың өнеріне ф.ғ.к., Ш.Уәлиханов университетінің оқытушысы Сәбит Жәмбек, Ш.Уәлиханов университетінің оқытушысы, PhD-доктор Ерболат Баят және Әдебиет және өнер музейінің директоры, ҚР мәдениет саласының үздігі Нұрбек Нұралы қазылық етті.
Тартысты өткен сайыста жүлделі үшінші орынға Әл-Фараби атындағы ІТ-лицейдің оқушысы Сәбиолла Нұрасыл мен техникалық лицейдің оқушысы Малдаберген Айша ие болды. Екінші орын -№6 мектептің оқушысы Арыстан Айданаға бұйырды. Жарыстың жеңімпазы болып Красный Яр №2 ОМ оқушысы Халел Нұрай танылды.
Қатысушылар мен жүлдегерлер, оқушыларды дайындаған ұстаздар қазылар алқасының алғыс хаты мен бағалы сыйлықтарға ие болды.