2024 жылдың 24 қаңтарында Әдебиет және өнер музейінде әнші-композитор, ақын Біржан сал Қожағұлұлының туғанына 190 жыл толуына орай «Баласы Қожағұлдың Біржан салмын...» атты әдеби-сазды кеш болып өтті.
Іс-шараның мақсаты әнші-композитор, ақын Біржан сал Қожағұлұлының 190 жылдық мерейтойын жоғары деңгейде атап өту, өнерпаздың рухани мұрасына ғылыми тұрғыда зерттеу жасау, талдау, шығармашылығы мен өмір жолын көпшілікке насихаттау болатын.
Іс-шараға Ақмола облысының мәдениет басқармасы, зиялы қауым өкілдері, қала тұрғындары мен қонақтары, ЖОО ұстаздары мен студенттері, БАҚ өкілдерінің қатысып, кештің мәні мен мазмұнын арттыра түсті.
Сөз алған Ақмола облысы мәдениет басқармасының басшысы Айгүл Сәбитова көпшілікті торқалы тойдың басталуымен құттықтап, музей ұжымына табыс тіледі. Сонымен бірге, Біржан салдың шөбересі Марал Теміртасовқа облыс әкімі атынан шапан жапты.
Кезекпен сөз алған ғалымдар: Ш.Уәлиханов университетінің профессоры, ф.ғ.к. Сәбит Жәмбек, Ш.Уәлиханов университетінің оқытушысы, PhD Ерболат Баят Біржан сал шығармаларына ғылыми талдау жасап, өмірбаяндық деректерін нақтылап өтті.
Біржан салдың аталас туысы Ермек Нұғманов осы жылы Біржан сал ауданында өтетін мерейтойдың жоспарымен таныстырды.
Қазақстанның Еңбек сіңірген әртісі Бисара Мәкенова, әнші Кенжебай Мұқышев, Үкілі Ыбырай атындағы Ақмола облыстық филармониясының әншісі Сәрсенбай Хасенов Біржан сал әндерін шебер орындап, көпшіліктің ризашылығына бөленді.
Жиылған көпшілік іс-шараның жоғары деңгейде, мазмұнды да мағыналы өткеніне ризашылық білдіріп, музей қызметкерлеріне алғыс білдірді.