Бүгін: 14.12.2024
Әдебиет пен өнер ұлы болмаған жерде - ұлт та ұлы бола алмайды. Ғабит Мүсірепов

2024 жылдың 7 ақпанында Әдебиет және өнер музейінде «Аrt-Жастар» көрмесінің ашылу рәсімі болып өтті. Бұл көрмеге Ақан сері атындағы жоғары мәдениет колледжі студенттерінің шығармалары қойылды. Мәдениет колледжі мен Әдебиет және өнер музейі арасындағы екі жақты ынтымақтастық нәтижесінде жыл сайын дәстүрлі түрде өтіп келе жатқан көрмеге отыз картина, төрт киім дизайны үлгісі қойылды.

Көрменің ашылу рәсімінде Ақан сері колледжінің директоры Саян Мұхамедияр жастар шығармашылығын насихаттауда жан-жақты қолдау көрсеткен музей ұжымына алғыс білдірді. ҚР Суретшілері одағы Ақмола облыстық филиалының төрағасы Юрий Попов шығармашыл жастарға табыс тіледі.

Ақан сері атындағы колледж ұстаздары: Төлеген Аманов, Руслан Қойшыбаев және Бауыржан Балтин өнерлерін ортаға салып, көрермен көзайыиына айналды.

Көрмеге келген талғампаз көрермен жастардың өнеріне, шығармашылық деңгейіне ризашылық білдірді. Сурет өнеріндегі жаңа бағыт, тың техниканы меңгерген жас буын музей басшылығына шығармашылық әлеуетін танытуға мүмкіндік жасағанына алғыс білдірді.