Бүгін: 14.12.2024
Әдебиет пен өнер ұлы болмаған жерде - ұлт та ұлы бола алмайды. Ғабит Мүсірепов

2024 жылдың 6 наурызында Әдебиет және өнер музейінде суретші Махаббат Рахметованың «Көктем шуағы» атты жеке көрмесінің ашылуы болып өтті. Іс-шара Халықаралық әйелдер күніне арнап өткізіліп отыр.

Махаббат Рахметова  – Көкшетау қаласының тумасы. Көкшетау балалар көркемсурет мектебінің түлегі. Астана қаласындағы «Шабыт» өнер акдемиясында білім алған. Академиялық алмасу бағдарламасы бойынша Италияның Флоренция қаласында тағлымдамадан өткен. Бүгінде Ш.Уәлиханов университетінде еңбек етіп жатыр.

Бұл автордың алғашқы жеке көрмесі. Түрлі жанрдағы отызға тарта туындылары келген меймандардың көңілінен шықты. Портрет, абстракция, реализм бағытындағы еңбектерімен қатар пейзаж, графикалық туындылары да көпшілік назарына ұсынылды. Шығармаларында жастық оптимизм, нәзік көңіл-күй сезіледі.

Көрменің ашылу рәсімінде сөз алған музей директоры Н.Нұралы суретшіге шығармашылық табыс тіледі. Суретші, мүсінші Юрий Попов, Ш.Уәлиханов университетінің ұстазы Рүстем Шәріпов жас маманның шеберлігіне, ұмтылысына жоғары баға берді.

Кеш соңында Махаббат Рахметова тұңғыш көрмесін ұйымдастыруға жағдай жасаған, мүмкіндік берген музей ұжымына табыс тілеп, зор алғысын білдірді.