Бүгін: 18.05.2024
Әдебиет пен өнер ұлы болмаған жерде - ұлт та ұлы бола алмайды. Ғабит Мүсірепов

2024 жылдың 15 наурызында Наурыз мейрамын тойлау аясында халық әндері мен халық композиторларының мұраларын зерттеуші әрі насихаттаушы, әнші Кенжебай Мұқышевпен кездесу кеш болып өтті. Кенжебай Жәнібекұлы бүгінгі таңда Мәлік Ғабдуллин музейінің директоры қызметін атқаруда.

Бала күнінен ән мен жырға, музыка мен домбыраға әуес өнерпаз үлкенді-кішілі сахнада халқымыздың бай, мазмұнды ән мұрасын насихаттап келеді. Басшылық қызметте жүрсе де өнер ауылынан алыс кетпеді. Ұл-қыздары да өрелі өнер өлкесінен алыс емес.

Кездесу кешке Кенжебай Мұқышевтың әндерін сағынған көрермен қауым көптеп жиналды. Әсерлі әңгіме, әуезді әнмен көмкерілген кеште Біржан сал, Ақан сері, Үкілі Ыбырайдың әндері әуелеп, көпшіліктің көңілінен шықты. Әр әннің тарихы мен мәтіндеріндегі ерекшеліктерге тоқталып,жан-жақты мағлұмат беріліп отырды.

Кеш соңында Ақмола облысы мәдениет басқармасының басшысы Айгүл Сәбитова Кенжебай Мұқышевтың өнерін жоғары бағалап, шығармашылық табыс тіледі. Бұл кездесу кеші әншінің шығармашылық ғұмырындағы ұмытылмас әсерлі шақтардың бірі болып қалары хақ.