2024 жылдың 19 наурызы күні Ақмола облысының Әдебиет және өнер музейiнде әз-Наурыз мерекесi қарсаңында, Көкшетау қаласыдағы ЖОО мен арнаулы орта бiлiм беретiн оқу орындары студенттерi арасында "Наурыз нақыштары" атты жас суретшiлер байқауының қорытындысы болып өттi.
Байқаудың мақсаты: ұлыстың ұлы күнi әз-Наурыз мерекесiн лайықты деңгейде атап өту; ұлттық нақышта бедерленген көркемсурет туындылары арқылы көпшiлiктiң ұлттық рухын ояту, қазақ халқының мәдениетi турасында мол мағлұматтар меңгерту; суретшi жастардың арасында байқау ұйымдастыра отырып, жас буынның шығармашылыққа деген қызығушылығын арттыру; туындыларын көпшiлiк назарына ұсынып, қылқалам шеберлерiне қанат бiтiру, өнердiң өрелi жолына нық сенiммен қадам басуға шақыру болып табылды.
Байқауға Ш.Уәлиханов атындағы КМУ-дiң «Бейнелеу өнерi, сызу және дизайн» кафедрасы, Ақан серi атындағы мәденет колледжiнің суретшi студенттерi, А.Мырзахметов университетінің жұмыстарын ұсынды.
Жас суретшiлердiң жұмысына суретші Ибрагим Иса, Наталья Лосева, музей директоры Н.Нұралы төрелiк жасады.
Қазылар алқасының шешiмi бойынша жүлделi ІІІ орынды Ақан серi атындағы мәдениет колледжiнiң студенті Еркежан Есет пен Ш.Уәлиханов атындағы КМУ-дiң студенті Перизат Серік өзара бөлісті. Ал, ІІ орын Ақан серi атындағы мәдениет колледжiнiң студенті Даная Әлиеваға бұйырды. Сайыстың жеңімпазы болып Ақан серi атындағы мәдениет колледжiнiң студенті Диана Сейсенбаева танылды.
Қазылар алқасы іс-шара соңында сайысқа қатысушы жас суретшiлерге шығармашылық табыс тіледі. Байқауға жұмыстарын ұсынған басқа да балғын суретшiлер алғыс хаттармен, ынталандыру сйлықтарымен марапатталып, жүлдегерлерге бағалы бұйымдар табыс етiлдi.