Бүгін: 19.05.2024
Әдебиет пен өнер ұлы болмаған жерде - ұлт та ұлы бола алмайды. Ғабит Мүсірепов

2024 жылдың 3 мамыры күні Әдебиет және өнер музейінің ұйымдастыруымен «Сексен көлдің серісі» тақырыбында ғылыми-теориялық конференция болып өтті. Бұл іс-шара Қазақстанның Халық жазушысы, драматург Сәкен Жүнісовтің 90 жылдық мерейтойына арналды. Жиынға мәдениет және өнер қайраткерлері, ғалымдар мен зиялы қауым өкілдері қатысты.

Ақмола облысы мәдениет басқармасының басшысы Айгүл Сәбитова конференцияны құттықтау сөзбен ашып, ғалымдарға шығармашылық табыс, конференция жұмысына сәттілік тіледі.

Өткен ғасырдың 60-шы жылдары әдебиетке таланты мен дарыны дәуірден оза шапқан қаламгерлер тобы келді. Ол топ өздеріне дейін жазылмаған, қозғалмаған тың тақырыптарды толғады. Сол ат төбеліндей топтың ішінде біздің жерлесіміз Сәкен Жүнісов те бар еді.

Әдебиеттанушы ғалым Сәбит Жәмбек Сәкен Жүнісовтың шығармашылығы жайындағы баяндамасында:

«Сәкен Жүнісов жарты ғасырлық шығармашылық қызметінде қазақ әдебиетінің дамуына айтарлықтай үлкен үлес қосты. Оның 1968 жылы «Жазушы» баспасында орыс тілінде жарық көрген тың жерлерді игеру тақырыбында жазылған «Жапандағы жалғыз үй» романы елеулі құбылысқа айналды. Себебі, өткен ғасырдың 50-жылдарындағы тың игеру қазақ даласына әлеуметтік қайшылықтар алып келген еді» –деп атап өтті.

«Рухы өр қаламгер әдебиетке «Ақан сері» туындысын әкелді. Ол «Ақан сері»  арқылы Ілияс Жансүгіровтың жолын жалғады. Және бұл дилогия ел арасында жоғары бағаланып, жазушы "Сәкен сері" деп аталып кетті» –деп бағалады РhD, ақын Ерболат Баят.

Бұдан әрі филолог-ғалым Аян Қажыбай С.Жүнісов шығармаларындағы көркемдік деңгейін талқыласа, өлкетанушы Мұсатай Ғалым жазушы жайлы естелік айтты.

Биыл Сәкен Нұрмақұлының мерейтойын лайықты деңгейде атап өту мақсатында Ақмола облысында мазмұны бай, тақырыбы ауқымды көптеген іс-шаралар өтуде. Бұл конференция осы сөзіміздің нақты дәлелі бола алады. Конференция материалдары арнайы жинақ болып баспадан жарық көрді. Басылым С.Жүнісовтың өмірі мен шығармашылығын зерттеуші жас ғалымдарға әдістемелік құрал болатыны сөзсіз.