Бүгін: 14.12.2024
Әдебиет пен өнер ұлы болмаған жерде - ұлт та ұлы бола алмайды. Ғабит Мүсірепов

2024 жылдың 31 мамыры күні Әдебиет және өнер музейінде «Біз бақытты баламыз» атты суретшілер сайысының марапаттау рәсімі өтті.

1 маусым – Халықаралық балаларды қорғау күні. Жыл сайын осы мерекені лайықты дәрежеде атап өту үшін Әдебиет және өнер музейі қала мектептері оқушыларының арасында суретшілер сайысын өткізіп келеді. Балаларды шығармашылыққа бейімдеу, олардың ерекше қабілетіне қолдау білдіру музей педагогикасындағы басым бағыттардың бірі. Сайыстың мақсаты да бүлдіршіндердің шығармашылығын насихаттау болып саналады.

 Бұл дәстүрлі сурет сайысына қала мектептерінен 40 оқушы қатысты. Суретші Наталья Лосева төрағалық еткен қазылар алқасы конкурстың қорытынды бөліміне 10 оқушының жұмысын лайықты деп таныды. Жүлделі ІІІ орын Жанел Дәулетова мен Айсана Сайдалинаға бұйырса, ІІ орынды Злата Шарафудинова иеленді. №12 орта мектептің оқушысы Санжар Ислямша  конкурс жеңімпазы атанды. Өнер бәйгесіне қатысқан оқушылардың бәріне ынталандыру сыйлығы табысталды. Марапаттау рәсімінде оқушыларға тәлім-тәрбие берген мұғалімдер де ұйымдастырушылар алқасының алғыс хатына ие болды. Іс-шараға қатысқан ата-аналар балаларға көтеріңкі көңіл-күй мен қуаныш сыйлаған музей ұжымына алғыс білдірді.