Астана қаласында өткен V дүниежүзілік көшпенділер ойындарының мәдени-көпшілік іс-шараларына қатысу үшін Әдебиет және өнер музейінің ұжымы 2024 жылдың 2-13 қыркүйегі аралығында іссапарда болды. Көшпенділер ойындарының қонақтарына арнайы жасалған этноауылда Қазақстанның әр аймағынан келген өнер ұжымдары ұлттық салт-дәстүр, жол-жоралғы үлгілерінен театрландырылған көрініс қойды. Әдебиет және өнер музейі Ш.Құсайынов атындағы қазақ драма театрымен бірлесіп көпшілікке «бесікке салу», «бата беру» салтын көрсетті. Музей ұжымы жабдықтаған он екі қанат ақ орда өзінің бай жәдігерімен, мазмұнды көрмесімен ерекшеленіп, қонақтардың таңданысын тудырды.
Этноауылға келген 89 мемлекеттің азаматтары қазақтың бай салт-дәстүрі, әдет-ғұрпы, тарихы жайлы кеңінен мағлұмат алып, ұлттық қолөнер, музыка жайында мазмұнды ақпаратқа қанық болды.
Көшпенділер ойындары – ұлттық спорт түрлерін насихатайтын, туризмді дамытуға бағытталған кешенді жоба. Алғаш рет Қырғыз Республикасында ойластырылып, жүзеге асырылған халықаралық спорттық шара әлемдік мәртебеге ие болып, барған сайын, Еуразия кеңістігін ғана емес, басқа да көптеген елдерді қамтып, кең аудиторияның назарын аударды. Дүниежүзілік ойындарды өткізу құқығының Қазақстанға берілуімен ойындарды өткізетін елдердің тізімі де кеңейді.
Қазақстанға келген әр шетелдік азамат біздің еліміз жайлы тың дерекпен танысып, рухани бай мұрамызды тамашалап кетті. Ойындардың жабылу салтанатында сөз сөйлеген Дүниежүзілік көшпенділер спорты федерациясының президенті Біләл Ердоған осындай кешенді іс-шараны жоғары деңгейде өткізген қазақстандықтарға алғыс білдірді.