Бүгін: 14.12.2024
Әдебиет пен өнер ұлы болмаған жерде - ұлт та ұлы бола алмайды. Ғабит Мүсірепов

Биыл ақын, жыршы, драматург, әуесқой сазгер Құдайберлі Мырзабек асқаралы 60 жасқа толды. Осы мерейтойды лайықты атап өту мақсатында 2024 жылғы 3 қазан күні Әдебиет және өнер музейінде «Тыңдатам жер шарына жүрегімді...» атты әдеби-сазды кеш болып өтті.

Аталған іс-шараға шығармашыл тұлғалар, зиялы қауым өкілдері, мәдениет саласы қызметкерлері қатысты.

Ақынды құттықтай келген Ақмола облысының әкімі Марат Ахметжанов өнер иесіне шығармашылық толайым табыс, отбасына амандық тіледі. Бұл өңір басшысының халық өнеріне деген, ұлттық құндылықтарға деген зор құрметі болды.

Ш.Уәлиханов атындағы Көкшетау университетінің талантты жастары ақын өлеңдерін жатқа оқып, көпшілік көрерменді парасатты поэзия патшалығына, өрелі өлең өлкесіне жетелей жөнелді. Үкілі Ыбырай атындағы Ақмола облыстық филармониясының әншісі Сәрсенбай Хасенов Құдайберлі Мырзабектің әндерін әуелете шырқап, жиылған қонақтардың ризашылығына бөленді.

Одан әрі сөз алған Ақмола облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Ермек Нұғманов мерейтой иесін қуанышымен құттықтап, шығармашылық табыс тілеп, сый-сияпат жасады. Ақын шығармашылығы жайлы ой қозғап, поэзия жайлы пайымды пікір білдірген ғалым ф.ғ.к. Сәбит Жәмбек Құдайберлі Мырзабектің ақындық, айтыскерлік, азаматтық тұлғасын аша түсті.

Іс-шараны ұйымдастырушы Әдебиет және өнер музейінің директоры Нұрбек Нұралы өнерсүйер қауымға, ақынның өнерін құрметтеп келген көпшілікке алғыс білдіріп, мерейтой иесіне құттықтау хат пен естелік кәде-сый табыстады. Өз кезегінде сөз алған Құдайберлі Мырзабек музей ұжымы мен жиналған қауымға алғыс сезімін білдіріп, жырдан шашу шашты.

Көпшілік жұрт рухани кештен риза көңілмен тарқасты.