2024 жылдың 17 қазаны күні Әдебиет және өнер музейінде Республика күні мерекесіне арналған суретші, қолөнер шебері, Шортанды ауданының құрметті азаматы, ҚР Этнодизайнерлер одағының мүшесі Бектас Кәрімұлының «Жауырындағы сырлы өнер» атты жеке шығармашылық көрмесі болып өтті.
Көрменің мақсаты Республика күні мейрамын лайықты деңгейде атап өту; қылқалам шебері Бектас Кәрімұлының шығармашылығын көпшілік қауымға насихаттау; халықты мәдени ошақтарға тарта отырып, эстетикалық талғамын қалыптастыру.
Көрмеге шебердің қолынан әр жылдары шыққан суреттермен қатар, жылқының жауырын сүйегінен ойып, жонып, оюлап жасаған еңбектері қойылды. Бұл жауырын сүйектердегі бейнелерден қазақтың терең тарихы, қолөнері, салт-дәстүрі жайлы мол мағлұмат алуға болады.
Көрменің ашылуына Ақмола облысының мәдениет басқармасы, зиялы қауым өкілдері, қала тұрғындары мен қонақтары, ЖОО ұстаздары мен студенттері, БАҚ өкілдері қатысты. Көрменің ашылу рәсімінде Ақмола облысы мәдениет басқармасының басшысы А.Сәбитова сөз сөйлеп, өнер иесіне облыс әкімі орынбасарының алғыс хаты мен естелік сыйлық табыс етті. Сондай-ақ іс шара барысында сөз алған суретші, мүсінші Юрий Попов, педагог-суретші Дужан Мағзұмов шеберге шығармашылық табыс тілеп, мерекемен құттықтады. Қазақ халқының ұлттық бет-бейнесі көрініс тапқан көркемсуреттен айырықша әсер алған көпшілік қауым риза көңіл-күймен тарқасты.