Бүгін: 26.04.2025
Әдебиет пен өнер ұлы болмаған жерде - ұлт та ұлы бола алмайды. Ғабит Мүсірепов

2025 жылдың 10 сәуірі күні Астана қаласындағы ҚР ҚК Ұлттық әскери-патриоттық орталығы Әскери-тарихи музейінде "Ұлы Жеңіс: Ерлікке тағзым, ұрпаққа үлгі" атты көрменің ашылуы болып өтті. Бұл көрмені ҚР Суретшілер Академиясы қоғамдық қоры ұйымдастырды.

Көрменің мақсаты: майдангерлердің қаһармандығы мен тыл еңбеккерлерінің жанкештілігі арқасында жеткен Ұлы Отан соғысындағы Жеңіске 80 жыл толу мерейтойын жоғары дейгейде атап өту, ұрпақтың жарқын болашағы үшін жандарын пида еткен боздақтарымызды мәңгі есте сақтау және олардың рухтарына тағызым ету болып табылды.

Республикалық деңгейде өткен көрмеге Алматы, Астана және Ақмола облысы суретшілерінің 70-ке тарта жұмыстары қойылды. Ақмола облыстық Әдебиет және өнер музейінің ғылыми қызметкерлері өңір суретшілерінің туындыларын әкеліп, көрменің құрылуына атсалысты.

Көрменің ашылуына зиялы қауым өкілдері, мәжіліс депутаттары, суретшілер, ардагерлер мен еңбек адамдары, студент жастар, республикалық түрлі БАҚ өкілдері қатысты.

Сұрапыл соғыста қан кешкен, ерен ерлігімен ел есінде қалған, жеңіс жолында жандарын пида еткен ерлердің құрметіне 1 минуттық үнсіздікпен басталған іс-шара барысында сөз алғандар соғыс зұлматтары мен Жеңістің баға жетпес құны жайында, қазақ ұл-қыздарының көзссіз ерліктері турасында естеліктер айтып, Тәуелсіз Елімізге бейбітшілік пен жарқын болашақ тіледі.

Суретшілердің Жеңістің 80 жылдық мерейтойына орай ұсынған туындыларын тамашалап, қазақ батырларының көзсіз ерлігі жайында естелік тыңдаған көпшілік іс-шарадан көтеріңкі көңіл-күймен тарқасты.