2025 жылғы сәуірдің 24-інде Әдебиет және өнер музейінде этнограф-тарихшы, өлкетанушы, аудармашы-ғалым, қарт жауынгер Қарта Қаңтарбаевтың "Балуан Шолақ туралы әңгімелер" атты кітабының тұсаукесері болып өтті. Кітапты музей қызметкерлері баспаға дайындаған болатын. Кітапта әнші-композитор, балуан, алып күш иесі Нұрмағанбет (Балуан Шолақ) Баймырзаұлының өмірі туралы ел аузынан жазып алынған әңгімелер мен өлеңдер, сондай-ақ, Балуан Шолақтың қызы Бәтен жайындағы деректер жинақталған. Бұл еңбектің жарық көруіне Көкшетау-Энерго ЖШС бас директоры Досымхан Аралбаев демеушілік еткенін айта кеткен жөн.
Тұсаукесер рәсіміне Балуан Шолақтың немересі Шайдолла Шолақов, тарихшы ғалым Марат Әбсеметов, кәсіпкер Марат Нәбиев арнайы келіп қатысып, музей ұжымына шығармашылық табыс тіледі. Ақмола облысы мәдениет басқармасының басшысы Айгүл Сәбитова, тарихшы ғалым Аманбай Сейтқасымов, ақын, өлкетанушы Алмас Темірбай жиылған қауым алдында сөз сөйлеп, салтанатты түрде жаңа кітаптың лентасын қиды. Сондай-ақ, әнші Кенжебай Мұқышев, Үкілі Ыбырай атындағы Ақмола облыстық филармониясының әншілері: Қазақстанның мәдениет қайраткері Жанат Есов, Өмірзақ Шешхан әуелетіп ән салып, мазмұнды кештің ажарын аша түсті.
Іс-шараны қорытындылаған Әдебиет және өнер музейінің директоры Нұрбек Нұралы демеуші Досымхан Әлішұлына, кітапты шығарған шығармашылық топқа, жиылған көпшілікке алғыс білдірді.