Бүгін: 22.05.2025
Әдебиет пен өнер ұлы болмаған жерде - ұлт та ұлы бола алмайды. Ғабит Мүсірепов

18 мамыр – Халықаралық музейлер күні. Осы мерекені лайықты атап өту мақсатында Ақмола облысының Әдебиет және өнер музейі 2025 жылдың 16 мамырында «Ұлт жауһарын ұлықтайық» атауымен музей түні акциясын ұйымдастырды. Акцияның басты ерекшелігі қазақтың ұлттық киімін насихаттау болды.

Іс-шаралар кешенінде суретші Виктор Кубриннің «Весна внутри» жеке көрмесі ашылды. Суретшінің қылқаламынан шыққан табиғат көріністері, қала пейзажы көпшіліктің көңілінен шықты. Сонымен бірге, ұсталар мен шеберлер қолынан шыққан өнімдерін, «Палитра Синегорья» ҚБ мүшелері тоқыма бұйымдарын қала тұрғындарының назарына ұсынды. Кимешек киген келіншектер ұлттық киім дефилесін өткізіп, ұлттық салт-дәстүрден көрініс қойды.

Ш.Уәлиханов университетінің Қ.Насыров жетекшілік ететін «Жауқазын» театры жастары, қаланың жас ақындары өнерлерін ортаға салып, жырдан шашу шашты. Әншілер акция қонақтарына музыкалық сәлем жолдап, концерт қойды.Сондай-ақ, «Гормолзавод» кәсіпорны биыл да келген қонақтарға балмұздақ өнімдерінен тарту жасап, кішкентай бүлдіршендерді тағы да қуантты. Әсерлі өткен акциядан меймандар көтеріңкі көңіл-күймен тарқасты.