2025 жылдың 3 маусымы күні Әдебиет және өнер музейінде «Біз бақытты баламыз» атты суретшілер сайысының марапаттау рәсімі өтті.
1 маусым – Халықаралық балаларды қорғау күні. Жыл сайын осы мерекені лайықты дәрежеде атап өту үшін Әдебиет және өнер музейі қала мектептері оқушыларының арасында суретшілер сайысын өткізіп келеді. Балаларды шығармашылыққа бейімдеу, олардың ерекше қабілетіне қолдау білдіру музей педагогикасындағы басым бағыттардың бірі. Сайыстың мақсаты да бүлдіршіндердің шығармашылығын насихаттау болып саналады. Сайыстың биылғы тақырыбы «Абай жырлаған төрт мезгіл» деп аталды. Оқушылар Абай Құнанбайұлы шығармаларындағы сөзбен суреттелген табиғат құбылыстарын бейнеледі.
Бұл дәстүрлі сурет сайысына қала мектептерінен 40 оқушы қатысты. Суретші Юрий Попов төрағалық еткен қазылар алқасы конкурстың қорытынды бөліміне 12 оқушының жұмысын лайықты деп таныды. Жүлделі ІІІ орын Жанат Фатима мен Сұлтанбаева Арайлымға бұйырса, ІІ орынды Васильков Даниил иеленді. Мәреге үздік жеткен Төрехан Айкөркем конкурс жеңімпазы атанды. Өнер бәйгесіне қатысқан оқушылардың бәріне ынталандыру сыйлығы табысталды. Марапаттау рәсімінде оқушыларға тәлім-тәрбие берген мұғалімдер де ұйымдастырушылар алқасының алғыс хатына ие болды. Іс-шараға қатысқан ата-аналар балаларға көтеріңкі көңіл-күй мен қуаныш сыйлаған музей ұжымына алғыс білдірді.