Бүгін: 28.10.2025
Әдебиет пен өнер ұлы болмаған жерде - ұлт та ұлы бола алмайды. Ғабит Мүсірепов

     2025 жылдың 22 қазанында Әдебиет және өнер музейінде суретші, Ұлттық дизайн академиясының академигі Ибрагим Исаның шығармашылығына арналған "Еркіндік пен үнсіздік" атты жеке көрмесі өтті. Іс-шара Республика күніне орай ұйымдастырылып, тәуелсіздік пен рухани еркіндік тақырыбын арқау етті.

     Көрмеге автордың түрлі жанрдағы туындылары қойылып, көрермен назарына ұлттық болмыс, ішкі тыныштық пен заманауи қоғамдағы адам келбетін бейнелейтін терең мазмұнды суреттер ұсынылды.

     Ибрагим Иса – қолына қылқалам ұстаған сәттен бастап, қазақ даласының бай тарихын, халықтың аңыз-әфсанасын, фольклорын, тұрмыс-салтын бейнелеуге ұмтылған. Еңбектерінде мистикалық кейіпкерлер, кейдейсоқ көрерменге құпиясын аша бермейтін нәзік сырлар молынан кезігеді. Аталған ерекшеліктер суретшінің қайталанбас қолтаңбасымен астасып шебер көрсетілген. Сан түрлі бояулардың әсемдігі көрерменнің көңіліне түрлі ой салып, еріксіз қиял әлеміне, ертегілер еліне жетелей жөнеледі.

     Көрменің ашылу салтанатына көкшелік зиялы қауым, көркемсурет саласына еңбегі сіңген өнер иелері қатысты. Әдебиет және өнер музейінің директоры Нұрбек Нұралы көрме авторына алғыс білдіре отырып, естелік кәдесый табыс етті. Ардагер суретшілер: Юрий Попов, Ұлбосын Асқарқызы өздерінен кейін лайықты ізбасар буынның қалыптасып келе жатқанына қуанышты екендерін айта келіп, авторға шығармашылық толайым табыс тіледі. Балалар көркемсурет мектебінің директоры Юлия Желобкова және басқа да әріптестері суретшінің еңбегіне жеміс тілеп, тілектестік білдірді.

     Музей ұжымы алдағы уақытта да өнерлі, дарынды жерлестеріміздің шығармашылығын насихаттауды жалғастыра бермек.