Бүгін: 09.11.2025
Әдебиет пен өнер ұлы болмаған жерде - ұлт та ұлы бола алмайды. Ғабит Мүсірепов

  2025 жылдың 29 қазаны күні Ақмола облысы мәдениет басқармасының Әдебиет және өнер музейінде Алтын Орда мемлекетінің 755 жылдығы мен Қазақ хандығының 560 жылдығына, Қазақстан Республикасының  Егемендігі туралы декларациясының қабылданғанына 30 жыл толуына арналған «ЖЫРАУЛАР ПОЭЗИЯСЫ – ХАНДЫҚ ДӘУІР АЙНАСЫ» атты ғылыми-теориялық  конференция болып өтті. Өсіп келе жатқан жас буынның патриоттық тәлім-тәрбие алуына ықпал ету, жастардың өз тарихына құрметпен қарауына себепкер болу, ел мен жерге қорған болған жауынгер хан, батырлардың ерлігін әспеттеу – іс-шараның  басты мақсаты еді. Сондай-ақ, тарих пен әдебиет саласында еңбек етіп, тың тақырыптарды зерттеп жүрген ғалымдар мен ізденімпаз жастарды жүздестіріп, тәжірибе алмасу да  жас ғалымдардың стимулын арттыруға деген үлкен мүмкіндік.

     Конференцияның алғашқы баяндамасын Ш.Уәлиханов атындағы университет ректорының кеңесшісі, т.ғ.к. Аманай Сейітқасымов жасады. «Жыраулар мұраларындағы тарихи шындық»  тақырбында ой өрбіткен ғалым, қазақ жырауларының мұралары тек әдеби құндылық қана емес, сонымен бірге тарихты жазуда да таптырмас дерек көздері екенін атап өтті. Ш.Уәлиханов атындағы Көкшетау мемлекеттік университетінің оқытушысы, гуманитарлық ғылымдар магистрі Ғалымтай Төлепбергенов «Қазақстан - Ұлық Орда мұрагері»  тақырыбында ой бөлісті. Заманауи Қазақстан кездейсоқ пайда болған мемлекет емес екенін, ол кешегі алып империялардың заңды мұрагері екенін архив деректерімен дәлелдеп берді. Алтын Орда тақырыбында докторлық диссертация жазып жүрген жас ғалым  Талапкер Уәлиев «Алтын Орданың «ұлы дүрбелең» кезеңі және «Едіге» жырының тарихи негіздері» -  атты баяндама жасады. Ш.Уәлиханов атындағы Көкшетау мемлекеттік университетінің аға оқытушысы,  PhD доктор Гүлназ Бөкен «Қаһармандық поэзияның негізін салушы – Доспамбет жырау» - тақырыбында ой өрбітті. Конференцияның соңғы сөзін алған «Алтын Орда хандары» тақырыбына баяндама жасады. Ж.Мусин атындағы Көкшетау жоғары қазақ педагогикалық колледжінің оқытушысы Жәнібек Бердімұратұлы «Жыраулар поэзиясы» тақырыбын қорытындылап, конференцияның нүктесін қойды.

     Іс-шара қорытындысы бойынша он екі автордың еңбегінен құрастырылған мақалалар жинағы басып шығарылды.Конференция соңында қатысушыларға музей әкімшілігі атынан сертификат табыс етілді.