2025 жылдың 24 желтоқсанында Әдебиет және өнер музейінде мәдениет саласының ардагері, тіл жанашыры Қаратай Төлекеевпен «Тіл, тәрбие, тағлым» деп аталатын кездесу кеш болып өтті.
Қаратай Бәйкенұлы көп жылдар мектепте ұстаздық етіп, ел арасында халық шығармашылығын дамытуға үлкен үлес қосқан өнерпаз. Балаларға арналған әңгімелер мен ертегілердің авторы. Бүгінде зейнет демалысында. Кейінгі жылдары сурет өнеріне қызығушылығы оянып, қылқаламды серік етіп жүр. Әуесқой суретшінің отызға тарта суретінен көрме құрылып, туындыларының каталогы жасалды. Осы кештің барысында аталған каталогтың тұсауы кесіліп, көпшілікке ұсынылды.
Іс-шарада Қаратай Бәйкенұлымен замандас әнші-жыршылар кезекпен өнер көрсетіп, көптің көңілінен шықты. Кенжебай Мұқышев, Қайрат Бешімов, Сабыржан Мәкенов әуелетіп ән салса, ақын Алмас Темірбай жырдан шашу шашты. Кеш соңында облыстық ішкі саясат басқармасы басшысының орынбасары Айгүл Талпақова мен мемлекеттік тілді оқыту орталығының директоры Қуаныш Қайыргелдіұлы сөз алып, Қаратай Бәйкенұлына шығармашылық табыс тілеп, сый-сияпат жасады.





