Бүгін: 12.02.2026
Әдебиет пен өнер ұлы болмаған жерде - ұлт та ұлы бола алмайды. Ғабит Мүсірепов

     2026 жылдың 5 ақпанында Әдебиет және өнер музейінде жазушы, журналист Жанайдар Мусиннің 90 жылдығына арналған «Өнегелі өмір, өрнекті сөз» атты әдеби кеш болып өтті. Іс-шараға Ж.Мусиннің ұрпақтары мен әріптестері, студент жастар, зиялы қауым өкілдері қатысты.

     Жанайдар Мусин – Көкшенің төл перзенті, бар ғұмырын туған өлкенің табиғаты мен тарихын насихаттауға арнаған қайраткер. Журналистік еңбек жолында «Көкшетау правдасы» газетінің бас редакторы болып жиырма жыл қызмет етті. Жазушы ретінде «Ақ алаң», «Туған үйдің түтіні», «Жер шоқтығы Көкшетау» сынды тағдырлы туындылар қалдырды.

     Іс-шарада сөз алған ардагер журналист Балталы Сәрсенбаев Ж.Мусиннің журналистік ізденістерін, еңбекқорлығын әңгімелеп, жылы естелік айтты. Әдебиеттанушы ғалым Аян Қажыбай жазушы шығармаларындағы көркемдік пен тарихи деректердің шебер байланысуы жайлы сөз алды. Кешті қорытындылаған Мұхтар Жанайдарұлы Мусин музей ұжымына алғыс білдіріп, әке мұрасын бұдан былай да лайықты насихаттай беретінін жеткізді.