2026 жылдың 26 ақпаны күні Әдебиет және өнер музейінде Алғыс айту күніне орай «Бірлік пен алғыс жолы» атты дөңгелек стол ұйымдастырылып, түрлі этнос өкілдері бас қосты.
Алғыс айту күні Қазақстанда жыл сайын 1 наурызда атап өтіледі. Бұл мереке 2016 жылы бекітіліп, Қазақстан халқы ассамблеясы құрылған күнмен байланысты белгіленген. Атаулы күн еліміздегі бірлік пен татулықтың, этносаралық келісімнің нышаны болып табылады, сондай-ақ тарихи күрделі кезеңдерде түрлі халықтарға қамқорлық пен қолдау көрсеткен қазақ халқына деген алғыс сезімін білдіреді.
Іс-шара барысында арнайы шақырылған спикерлер сөз сөйледі.
Пәкістаннан келген шетелдік студенттер, пуштун халқының өкілдері — Хан Таймур (Khan Taimoor) және Рахман Заид (Rahman Zaid) — өз халқының салт-дәстүрлері, рухани құндылықтары мен мәдени ерекшеліктері туралы баяндады. Олар отбасы институтының маңызына, ар-намыс кодексіне және діннің қоғамдық өмірдегі рөліне ерекше тоқталып, қазақ халқына көрсеткен қонақжайлығы мен білім алуға жасаған мүмкіндігі үшін шынайы алғыстарын білдірді.
Сондай-ақ, «Вайнах» шешен-ингуш этномәдени бірлестігінің жетекшісі Герихан Яндиев сөз сөйлеп, тарихи жадты, ана тілді және ұлттық дәстүрлерді сақтаудың маңыздылығын атап өтті. Ол өз сөзінде шешен және ингуш халықтарын жер аудару жылдарында қазақ халқының көрсеткен қолдауын ерекше атап, терең ризашылығын жеткізді.
Корей этномәдени бірлестігінің жетекшісі Жанна Син корей халқының мәдени мұрасы, үлкенді құрметтеу дәстүрі, еңбекқорлық құндылығы және ұрпақтар сабақтастығы туралы айтып өтті. Ол да тарихи сындарлы кезеңдерде көрсетілген жанашырлық пен қолдау үшін қазақ халқына алғыс білдірді.
«Бірлік пен алғыс жолы» іс-шарасы этносаралық келісімді нығайтуға, өзара түсіністік пен достықты арттыруға бағытталған маңызды алаңға айналды. Бұл мереке мәдени әралуандылыққа құрмет пен ортақ рухани құндылықтардың Қазақстандағы тұрақтылық пен бірліктің берік негізі екенін тағы бір мәрте айқындады.





