2026 жылдың 16 наурызында Әдебиет және өнер музейінде Наурыз мерекесі аясында ұлттық салт-дәстүрді дәріптеу, қыз балалардың өнерін, білімін, инабаттылығы мен тапқырлығын насихаттау мақсатында «Ақтоқты ару» байқауы өткізілді.
Іс-шараға қала мектептерінің жоғары сыныптарында оқитын 6 қатысушы қатысты. Байқау бірнеше кезеңнен тұрды. Қатысушылар өздерін таныстырып, ұлттық салт-дәстүрге байланысты сұрақтарға жауап беріп, өнерлерін көрсетті. Сонымен қатар қыздардың тапқырлығы, сахна мәдениеті және ұлттық киім үлгілері бағаланды.
Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген әртісі Бисара Мәкенова бастаған қазылар алқасы қатысушылардың өнерін, білімін және ұлттық құндылықтарды дәріптеу деңгейін бағалап, жеңімпаздарды анықтады.
Байқау нәтижесінде № 17 орта мектебінің 9-сынып оқушысы Қадылғазы Аяла мен Красный яр ауылының №2 жалпы білім беретін мектебінің 8-сынып оқушысы Жұмаш Інжу жүлделі ІІІ орынды иемденсе, №4 орта мектебінің 10-сынып оқушысы Қуат Аружан ІІ орынды қанағат тұтты. Жүлделі бірінші орынды Красный яр ауылының № 2 жалпы білім беретін мектебінің 9-сынып оқушысы Құнанбай Жанерке иемденді. Сайыс жеңімпазы болып Көкшетау қаласының №18 мектеп-лицейінің 8-сынып оқушысы Сері Нұрайым танылды. Өзге қатысушылар ұйымдастыру алқасының алғыс хаттарымен және сыйлықтармен марапатталды.
Іс-шара жоғары деңгейде өтіп, қатысушылар мен көрермендерге жақсы көңіл-күй сыйлады. Мұндай байқаулар жастарды ұлттық мәдениетті құрметтеуге, салт-дәстүрді сақтауға тәрбиелеуде маңызды рөл атқарады.





