18 мамыр – Халықаралық музейлер күні. Осы мерекені лайықты атап өту мақсатында Ақмола облысының Әдебиет және өнер музейі 2026 жылдың 15 мамырында «Ертегілер елінде» атауымен музей түні акциясын ұйымдастырды. Акцияның басты ерекшелігі қазақтың ауыз әдебиетін насихаттау болды.
Іс-шаралар кешенінде суретші, Ұлттық дизайн академиясының академигі Ибрагим Исаның «Қаһармандық кескіндері» жеке көрмесі ашылды. Суретшінің қылқаламынан шыққан портреттер, ұлттық салт-дәстүр көріністері көпшіліктің көңілінен шықты. Сонымен бірге, ұсталар мен шеберлер қолынан шыққан өнімдерін, «Палитра Синегорья» ҚБ мүшелері тоқыма бұйымдарын, балмұздақ өнімдерін қала тұрғындарының назарына ұсынды. Кимешек киген келіншектер ұлттық киім дефилесін өткізіп, ұлттық салт-дәстүрден көрініс қойды. Музей экскурсоводтары ертегі кейіпкерлеріне айналып,қызықты экскурсия өткізді.
Ш.Уәлиханов университетінің Қ.Насыров жетекшілік ететін «Жауқазын» театры жастары, қаланың жас ақындары өнерлерін ортаға салып, жырдан шашу шашты. Әншілер акция қонақтарына музыкалық сәлем жолдап, концерт қойды.
Сондай-ақ, Ақмола облысы мәдениет басқармасының басшысы А.Сәбитова музей қызметкерлерін кәсіби мерекесімен құттықтап, Ақмола облысы әкімінің алғыс хаттарымен марапаттады. Әсерлі өткен акциядан меймандар көтеріңкі көңіл-күймен тарқасты.





