Бүгін: 29.06.2026
Әдебиет пен өнер ұлы болмаған жерде - ұлт та ұлы бола алмайды. Ғабит Мүсірепов

    2026 жылдың 1 маусымы күні Әдебиет және өнер музейінде «Біз бақытты баламыз» атты суретшілер сайысының марапаттау рәсімі өтті. 1 маусым – Халықаралық балаларды қорғау күні. Жыл сайын осы мерекені лайықты дәрежеде атап өту үшін Әдебиет және өнер музейі қала мектептері оқушыларының арасында суретшілер сайысын өткізіп келеді. Балаларды шығармашылыққа бейімдеу, олардың ерекше қабілетіне қолдау білдіру музей педагогикасындағы басым бағыттардың бірі. Сайыстың мақсаты да бүлдіршіндердің шығармашылығын насихаттау болып саналады.

    Сайыстың биылғы тақырыбы «Менің Отаным — Қазақстан» деп аталды. Оқушылар Отан, Туған жер, Тәуелсіз Қазақстан, Жарқын болашақ тақырыптарын бейнеледі.

    Бұл дәстүрлі сурет сайысына қала мектептерінен 30 оқушы қатысты. Суретші Наталья Лосева төрағалық еткен қазылар алқасы конкурстың қорытынды бөліміне 12 оқушының жұмысын лайықты деп таныды.

    Өнер бәйгесіне қатысқан оқушылардың бәріне ынталандыру сыйлығы табысталды. Марапаттау рәсімінде оқушыларға тәлім-тәрбие берген мұғалімдер де ұйымдастырушылар алқасының алғыс хатына ие болды. Іс-шараға қатысқан ата-аналар балаларға көтеріңкі көңіл-күй мен қуаныш сыйлаған музей ұжымына алғыс білдірді.