Бүгін: 30.06.2026
Әдебиет пен өнер ұлы болмаған жерде - ұлт та ұлы бола алмайды. Ғабит Мүсірепов

    2026 жылдың 13 маусымы күні Creative Aimaq республикалық жобасы аясында Ақмола облысы креаторларының көрме-жәрмеңкесі ашылды. Іс-шара барысында Әдебиет және өнер музейі қорындағы Біржан сал, Ақан сері, Үкілі Ыбырай, Сұлтанахмет Жалмұқанұлы, Сәкен сері Жүнісов сынды сал-серілерге тиесілі домбыралардың түпнұсқалары мен көшірмелерінен құралған «Сал-серілік дәстүрдің салтанаты» атты көрме көпшілік назарына ұсынылды.

    Көрме арқылы келушілер қазақтың дәстүрлі музыкалық мәдениеті мен сал-серілік өнерінің тарихынан сыр шертетін бірегей жәдігерлермен танысты. Экспозицияда ұсынылған домбыралар халқымыздың рухани мұрасын, ұлттық өнердің үзілмес сабақтастығын және сал-серілік дәстүрдің тарихи-мәдени маңызын айқындайтын құнды жәдігерлер ретінде келушілердің ерекше қызығушылығын тудырды.

    Іс-шара аясында музей қызметкерлері көрме экспонаттарына жан-жақты түсініктеме беріп, сал-серілердің өмірі мен шығармашылығы, олардың қазақ мәдениеті мен өнерінің дамуына қосқан үлесі, сондай-ақ музей қорында сақталған жәдігерлердің тарихы туралы мазмұнды ақпарат ұсынды.

    Көрмені Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева, Ақмола облысының әкімі Марат Ахметжанов және іс-шара қонақтары тамашалап, қазақ халқының мәдени мұрасын сақтау, насихаттау және кейінгі ұрпаққа жеткізудегі музей қызметінің маңыздылығына назар аударды.