Бүгін: 30.06.2026
Әдебиет пен өнер ұлы болмаған жерде - ұлт та ұлы бола алмайды. Ғабит Мүсірепов

    2026 жылғы 22–26 маусым аралығында Қазақстан Республикасы Ұлттық музейінде Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігі, Түркия Республикасы Мәдениет және туризм министрлігі және Түрік Ынтымақтастық және үйлестіру агенттігінің (TİKA) қолдауымен «Қазақстан Республикасының музейлерін цифрландыру және дамыту» атты халықаралық оқу семинары ұйымдастырылып өткізілді.

    Халықаралық семинардың негізгі мақсаты – музей саласындағы цифрлық трансформацияны дамыту, халықаралық тәжірибе алмасуды қамтамасыз ету, заманауи цифрлық технологияларды музей ісіне енгізу және музей мамандарының кәсіби құзыреттерін арттыру болып табылды.

    Іс-шара Қазақстан Республикасы Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2026 жылғы 6 қаңтардағы «Цифрландыру және жасанды интеллект жылын жариялау туралы» Жарлығын іске асыру аясында өткізіліп, музей саласын цифрландыру бағытындағы мемлекеттік саясаттың маңызды бастамаларының бірі болды.

    5 күндік семинарға Ақмола облыстық Әдебиет және өнер музейінің директоры Нұрбек Нұралы, ғылыми қызметкерлер Бақытбек Бекмұрат, Мұхамет Тілеубай қатысты.

    Семинардың салтанатты ашылуы 22 маусым күні өтті. Пленарлық отырысты Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігі Цифрлық трансформация және жобалық менеджмент департаментінің директоры Ержан Даулетұлы Тоқтағұлов жүргізді. Қатысушыларға Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты Әбутәліп Мүтәлі, Түркия Республикасының Қазақстандағы Төтенше және Өкілетті Елшілігінің Мәдениет және ақпарат атташесі Зүлфи Томан, Қазақстандағы Түрік ынтымақтастық және үйлестіру агенттігінің (TİKA) үйлестірушісі Фуат Ердогмуш және «Цифрлық үкіметті қолдау орталығы» ШЖҚ РМК Бас директорының бірінші орынбасары Арай Асылбекқызы Оразова құттықтау сөздерінде халықаралық ынтымақтастықтың маңыздылығына тоқталып, семинар жұмысына сәттілік тіледі.

    Пленарлық отырыс барысында Түркия Республикасының жетекші музей мамандары өз тәжірибелерімен бөлісті. Атап айтқанда, 15 шілде Демократия музейінің директоры Али Хайдар Аталар «Цифрлық музей тәжірибелері», Музейлер департаментінің музей зерттеушісі Гюльсехер Гюрген «Мәдени мұраны цифрландыру», ал «Болашаққа мұра» департаментінің PhD дәрежелі археологы әрі ескерткіштерді қорғау жөніндегі маманы Перихан Дөнерташ «Музей экспозициясындағы цифрлық элементтердің рөлі» тақырыптарында баяндамалар жасады.

    Сонымен бірге, төрт панельдік сессияны қамтыған шетелдік спикерлердің бағдарламасында “Келушілер тәжірибесін жаңаша пайымдау: түңгі музейге бару және инновациялық жобалар”, “Музей коллекцияларын басқару”, “Қазіргі музейтанудағы келушілердің алуан түрлілігі және стратегиялық басқару”, “Көрме дизайнындағы тақырып түрлері және нарративтік құрылым”, “Музейлік инвентаризацияның ұлттық жүйесі (MUES)”, “Интерактивті және уақытша көрмелердің кейстерін талдау”, “Түркиядағы виртуалды музейлер және Turkish Museums веб-ресурстары”, “Мәдени іс-шараларды, фестивальдар мен пікірталас кездесулерін ұйымдастыру” тақырыптары жан-жақты қарастырылды. 26 маусым күні семинар аясында шетелдік дәріскерлер мен қатысушылардың қатысуымен бейресми кездесу ұйымдастырылып, пікір алмасу және қорытынды сауалнама жүргізілді.

    Семинардың салтанатты жабылу рәсімінде қатысушыларға ТҮРКСОЙ халықаралық ұйымы атынан алғыс хаттар мен Қазақстандағы Түрік ынтымақтастық және үйлестіру агенттігі (TİKA) атынан сертификаттар табысталды.

    Халықаралық оқу семинарына Қазақстанның 28 республикалық және өңірлік музей ұйымынан 100-ге жуық музей маманы қатысып, цифрландыру саласындағы заманауи тәсілдермен танысты, тәжірибе алмасты және кәсіби білімдерін жетілдірді.