Бүгін: 07.07.2026
Әдебиет пен өнер ұлы болмаған жерде - ұлт та ұлы бола алмайды. Ғабит Мүсірепов

     2026 жылдың 3 шілдесі күні Әдебиет және өнер музейінде Ұлттық домбыра күніне орай Көкшетау қаласындағы Балалар музыка мектебінің ұстазы, күйші Мұқатай Асылбек Қойбағарұлымен «Күймен өрілген өмір» атты тағылымды кездесу өтті.

     Асылбек Қойбағарұлы – ғұмырының қырық жылдан астам уақытын қазақтың қасиетті қара домбырасын жас ұрпаққа үйретуге арнаған ұлағатты ұстаз, талантты күйші. Ол саналы ғұмырында шәкірт тәрбиелеп, ұлттық күй өнерінің дамуына өлшеусіз үлес қосып келеді. Ұстаздың тәлімін алған көптеген шәкірттер республикалық және халықаралық байқаулардың жеңімпаздары атанып, қазақтың дәстүрлі музыка өнерін насихаттап жүр.

     Кездесу барысында Асылбек Қойбағарұлы өзінің шығармашылық жолы, ұстаздық қызметі, күй өнерінің тәрбиелік мәні мен домбыраның қазақ руханиятындағы орны туралы әсерлі әңгіме өрбітті. Сонымен қатар, күйшінің орындауында халық күйлері орындалып, көрермендер күй құдіретіне тәнті болды.

     Іс-шара барысында қатысушылар көкейлеріндегі сұрақтарын қойып, өнер иесімен еркін пікір алмасты. Кездесу жас ұрпақты ұлттық өнерді қастерлеуге, қазақтың күй мұрасын дәріптеуге үндеген мазмұнды рухани шара ретінде көпшілік көңілінен шықты.