Бүгін: 27.11.2026
Әдебиет пен өнер ұлы болмаған жерде - ұлт та ұлы бола алмайды. Ғабит Мүсірепов

         2026 жылдың 28 шілдесі күні Ақмола облыстық Әдебиет және өнер музейінде қазақ халқының ұлттық саз аспаптарына арналған «Ұлы Дала әуендері» атты көрме-дәрісі өткізілді. Іс-шараның мақсаты – қазақтың дәстүрлі музыка мәдениетін насихаттау, ұлттық саз аспаптарының тарихы мен ерекшеліктерін таныстыру және келушілердің рухани-мәдени танымын кеңейту болып табылды.

         Көрме-дәрісі барысында қазақ халқының ұлттық саз аспаптары – домбыра, қобыз, жетіген, сыбызғы, шаңқобыз, даңғыра және басқа да аспаптар туралы жан-жақты мәлімет берілді. Әрбір аспаптың шығу тарихы, жасалу технологиясы, орындалу ерекшелігі және қазақ халқының тұрмыс-тіршілігі мен мәдениетіндегі орны кеңінен түсіндірілді. Сонымен қатар, ұлттық аспаптардың қазақтың күй өнері мен дәстүрлі ән мәдениетінің дамуына қосқан үлесі туралы айтылып, олардың бүгінгі күнге дейінгі маңызы атап өтілді.

         Көрме экспозициясында қойылған ұлттық саз аспаптары келушілердің ерекше қызығушылығын тудырды. Дәріс барысында ұлттық музыкалық мұраны сақтау, зерттеу және келер ұрпаққа жеткізудің маңыздылығы түсіндірілді. Іс-шара келушілердің қазақ халқының рухани құндылықтары туралы білімін толықтырып, ұлттық өнерге деген құрметін арттыруға ықпал етті.

         Қорытындылай келе, Әдебиет және өнер музейінде ұйымдастырылған «Ұлы Дала әуендері» атты көрме-дәрісі мазмұнды әрі танымдық деңгейде өтті. Көрме-дәріс қазақ халқының ұлттық саз аспаптарын кеңінен таныстырып, дәстүрлі музыка өнерінің тарихи және мәдени құндылығын дәріптеуге маңызды үлес қосты.