Бүгін: 27.11.2026
Әдебиет пен өнер ұлы болмаған жерде - ұлт та ұлы бола алмайды. Ғабит Мүсірепов

    2026 жылдың 16 қазаны күні жазушы, журналист Мәди Хасеновтың туғанына 90 жыл толуына орай ұйымдастырылған мерейтойлық іс-шаралар кешені Әдебиет және өнер музейінде өз жалғасын тапты.

    Мерейтой аясында музейге жиналған қонақтардың назарына қаламгердің өмірі мен шығармашылығына арналған арнайы көрме ұсынылды.

   Көрме экспозициясынан музей қорында сақталған жазушының кітаптары, әр жылдары түсірілген фотосуреттері, сондай-ақ мерзімді басылым беттерінде жарияланған қаламгер туралы мақалалар көрініс тапты. Бұл жәдігерлер Мәди Хасеновтың өмір жолы мен шығармашылық қызметінен сыр шертіп, оның әдебиет пен журналистика саласындағы еңбегін танытуға бағытталды.

   Көрмені тамашалаған қонақтар қаламгердің өмірбаянымен, шығармашылық жолымен және әр жылдары атқарған еңбектерімен танысуға мүмкіндік алды. Музей қорындағы құнды материалдар арқылы жазушының тұлғалық болмысы мен рухани мұрасы кеңінен насихатталды.

   Тағылымды шараның басты мақсаты – қаламгер есімін ұлықтау, оның әдеби мұрасын сақтау және келешек ұрпаққа жеткізу. Осындай мәдени-танымдық көрмелер арқылы өңір әдебиетінің тарихы жаңғырып, сөз өнеріне еңбек сіңірген тұлғалардың өнегелі жолы дәріптеле түседі.

   Әдебиет және өнер музейінде ұйымдастырылған көрме Мәди Хасеновтың 90 жылдық мерейтойына арналған шаралар легін толықтырып, қаламгер мұрасына деген құрметтің жарқын көрінісіне айналды.